Қазақстанда көлік өндірісі азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда көлік өндірісі азайды

19.09.2024

Қазақстанда автомобиль өндірісі де, экспорты да күрт төмендеді. Мәселен жарты жылдың ішінде шетелге сатылған көліктердің саны 17 есе азайып кеткен. Қазақстандағы зауыттардың жұмысында да біраз кідіріс бар. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Биыл алғашқы жарты жылдықта қазақстандық автоөндірушілер 554 көлік қана экспорттаған. Былтыр алты айдың ішінде 9200 көлік өзге елдің азаматтарына сатылған еді. Ең ІРІ тұтынушымыз Ресей өткен жылы 8400 көлік алса, биыл 115 қана темір тұлпар осы елге асырылыпты. Негізгі себеп мынада: Еуразиялық экономикалық одақтың тәуекелдерді басқару жүйесі жаңартылды. Оның негізінде көрші елде көлікті тіркеу жеңілдігі алынып тасталды. Қарапайым тілмен айтсақ, ол жаққа көлікті тұрақты тіркеуге қою қымбаттап кетті. Ал, алыпсатарлар Қазақстаннан көлік тасуды күрт тоқтатты. Тура осы себеппен Беларусьқа сатылған көлік саны 18 есе, Қырғызстанға 4 есе қысқарды. Ішкі өндіріске тоқталайын. Биыл Қазақстанда көлік жылдағыдан аз құрастырылып жатыр. Жарты жылда зауыттардан 57 100 жаңа автомобиль шыққан. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,5 мыңға аз. Қазақстан автомобиль одағы президентінің айтуынша, бұған жаңа көліктерге деген сұраныстың төмендеп кетуі себеп болып отыр. Отандастарымыз шетелден ескі, арзан көліктерді бейберекет кіргізіп жатыр. «Бұл ішкі өндірісті тежеп қана қоймай, Қазақстанның автопаркін ескіртіп жатыр», - дейді ол.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу