Қашағанда мұнай өндірісі азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашағанда мұнай өндірісі азайды

09.09.2022

12 қыркүйектен бастап Қарашығанақ кен орны мұнай өндіруді уақытша тоқтатады. Энергетика министрлігі онда бір айға жуық күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлады. Елдегі ең ірі кен орны Қашағанда да мұнай өндірісі азайды. Оның үстіне Каспий теңізінің деңгейі жыл өткен сайын төмендеп жатыр. Мамандар өндірістің артуына бұл да қауіп төндіретінін айтып, дабыл қағуда.

Каспий теңізінің деңгейі 20 жылдан соң 2 метрге төмендеуі мүмкін. Сарапшылар болжамына қарағанда, бұған климаттың жылынуы себеп. Енді бірі Еділ мен Жайық суы азайғанын айтады. Жауапты министрліктің дерегінше, 10 жылда теңіз 27 метрге тартылған. Экологияға зияны бір бөлек, экономикаға да кері әсері жоқ емес. Теңізде ең ірі кен орны Қашаған тұр. Су мұндай қарқынмен азая берсе, кен орнынан мұнай тасымалдау қиынға түспек. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, мәселені шешудің ең тиімді жолы – теңізде кеме жолын салу.

Эколог мамандар мәселені шешу үшін су қорын есептеп, үнемдеуді ескертеді. Әрі теңізге барып құятын өзендердің ағысын мұқият бақылауды ұсынып отыр.

Азаматхан Әміртай, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:

Әрине, Каспийдің суын бір деңгейде ұстап қалатын жолдар бар. Ол үшін жаңа каналдар қазу керек. Каспийге келетін судың көлемін азайтпау керек. Тереңдігін, астын тазалау керек. Су жақсы ағатын болуы керек. Әлемдік фондтардан қажарат тартуымыз керек. Қазірден бастап әрекет жасау керек. Ертең суы тартылып кеткен кезде кеш болады.

Кен орнында өндірісті тежейтін теңіздің тартылуы ғана емес. Ол биыл жұмысын бірнеше рет тоқтатқан еді. Енді Қашағанда мұнайды сүзіп алатын құрылғы істен шықты. Соның салдарынан бір айда шикізат өндірісі 4 есе азайып, қазір күніне 100 мың баррель шығарылып жатыр. Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов құрылғы жақын арада іске қосылмаса, Қашағандағы өндіріс 6 млн тоннаға азаятынын айтады.

Абзал Нарымбетов, Мұнай-газ саласының сарапшысы:

Оларда «шламоуловитель» деген болады. Мұнай шыққан кезде су, қоқыспен араласады. Соны ажырататын құрылғы. Сол инструмент қазір толық істемей тұр. Сондықтан 400 мың баррель емес қазір 100 мың баррель мұнай шығып тұр. Қазақстан егер жылына 17 млн тонна мұнай алу керек болса Қашағаннан, биыл 18 млн тоннаны ала алмайды. Ары кетсе, 12 млн тонна мұнай шығару мүмкін.

Қазақстан биыл Теңіз, Қашаған мен Қарашығанақта 87 млн тоннадан аса мұнай өндіруді жоспарлаған. Оның 69 млн тоннасы экспортқа тиесілі. Сарапшының сөзінше, ұзындығы 75 шақырымнан асатын Қашағанда 11 млрд баррель шикізат өндіруге болады.

Кен орнын шетелдік компаниялардан құралған NCOC халықаралық консорциумы «Өнімді бөлісу» туралы келісім арқылы игеріп жатыр. Онда «ҚазМұнайГаздың» үлесі де бар. Бірақ Қашаған – ең қымбат энергетикалық жоба. Сондықтан инвесторлар өндіріс күніне тек 400 мың баррельден кем болмай, әрі шикізат қымбаттағанда ғана құйылған ақшаны қайтарып алады дейді маман. Ал тамызда 100 долларға сатылған мұнай қазір арзандап жатыр. Әлем нарығында брент 80-90 долларға сатылуда.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу