Енді қазақстандықтар мопедті тіркеуге міндетті. Сенат бүгін мопед жүргізушілері үшін жаңа ережені мақұлдады. Сондай-ақ самокатшыларға да талап тағы күшейтіледі. Себебі бұған дейін жол қозғалысын реттеу үшін қабылданған Заң нормалары іске аспай жатыр. Мас күйінде, құжатсыз көлік басқарғандарға да жаңа талап бар. Сенат отырысынан Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Сенаторлар бір жыл бұрын самокатшыларға қатысты заң жобасының шикі тұсы көп екенін біле тұра, қабылдаған еді. Себебі жол апаты көбейген соң, көше қозғалысын тез арада реттеу қажет болды. Спикер Мәулен Әшімбаев сол кезде Ішкі істер министрлігіне құжаттың асығыс қабылданып жатқанын ескерткен де болатын.
Яғни, қазіргі заң бойынша жолда жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан, ал тротуарда 6 шақырымнан асыруға болмайды. Алайда самокаттың жылдамдығын есептеп, оған бақылау жүргізетін арнайы мекеме әлі күнге жоқ. Бұл мәселені сол күйі шешпеген министрлікке сенаторлар ескерту жасады.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Заң күшіне енгеннен кейін самокатты жалға беретін шерингті компаниялар жаяу жүргіншілер жолындағы жылдамдықты өзіміз реттейміз деп уәде еткен. Шынын айту керек, әзірге жылдамдықты тіркейтін құралдар бізде жоқ. Сол себепті бұл толығымен шерингті компаниялардың міндеті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бұл жағдайды шерингті компанияларға сілтей салудың қажеті жоқ. Олармен жұмыс істеу қажет. Оған сіздің құзыретіңіз жетеді. Заң талаптары орындалмайтын болса, Заңды қабылдаудың қажеті қанша?
Ал сенатор Бибігүл Жексенбай: «Осылай жалғаса берсе, самокаттан бас тартуға тура келеді»,- дейді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Әлі де бұл Заң жетілдіруді талап етіп отыр. Самокаттан бас тартып жатқан мемлекеттер бар. Бір самокатқа заң бойынша екі адам мінгесуге болмайды. Қарасаңыздар, көшеде екінің бірі 2-3 -еуі жабысып жүргенін көп көреміз.
Бұдан бөлек, енді мопед иелері «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алуы қажет. Әрі бұл көліктер тіркеуге алынып, мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі. Бұл жол ережесін бұзатындарды бейнебақылау камералары арқылы тез арада анықтау үшін қажет. Себебі қазір мопедтің кесірінен болатын жол апаты көбейген. Жыл басынан бері 962 оқиға тіркеліп, 39 адам қаза тапқан.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Қазір мопедте мемлекеттік тіркеу нөмірі болмағандықтан, бейнебақылау камералары арқылы оның иесі кім екенін анықтау мүмкін емес. Осыны пайдаланып, олар әдейі жол ережесін бұзады. Ал мемлекеттік тіркеуден өту үшін оларға жарты жыл уақыт беріледі. Осы уақытта үлгермесе, бұл мопедтерді тоқтатып, айыптұраққа жеткіземіз.
Айя Мүтәлі, тілші:
Көлікті құжатсыз, мас күйде басқарғандар үшін де жаңа талап қойылмақ. Олар жүргізуші куәлігін алу үшін жеті не сегіз жыл емтихан тапсыра алмайды. Бұдан бөлек, автомектептерге талап пен бақылау күшейтіледі.
Айя Мүтәлі