Түркістанда халық сайлаған әкімдер нәтижелі жұмыс атқарып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда халық сайлаған әкімдер нәтижелі жұмыс атқарып жатыр

18.09.2024

Түркістан облысында 165 ауыл және аудан әкімдерін тұрғындар өздері тікелей сайлады. Халық таңдау жасаған әкімдердің жұмысына халықтың көңілі тола ма? Мәселен, Бәйдібек ауданының әкімін тұрғындар өздері сайлаған еді. Ерлан Нұрмаханов кәсіпкерліктен әкім қызметіне келген. Қазір ол елдімекендердің инфрақұрылымын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуын басты міндет қылған екен.

Бәйдібек ауданы таулы аймақта орналасқандықтан шалғай жатқан, жолдар салынбаған ауылдар көп. Солардың бірі Кеңестөбе ауылы. Екі мыңға тарта халық тұратын елдімекенде жұрт қара жолдың азабын жылдар бойы тартып келген. Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 4 көшеге жол төселіп, аяқжолдар салынуда. Тіпті жарықшамдар орнатыла бастапты.

Өмірзақ Рысбеков, Кеңестөбе ауылының тұрғыны:

Қырық жылдан бері көшелерімізге асфальт төселген жоқ. Көшеміз шынын айтқанда шаңы шығып жататын. Мінекей ауылымызға асфальт, жарық түсіп, көгілдір отын келіп жатыр. Арманымыз біртіндеп жүзеге асып келуде.

Ал Кеңес ауылының халқы енді қыстай көмір тасып, күл шығармайтын болды. Республикалық бюджеттен 356 млн теңге бөлініп, елдімекенге газ құбырлары тартылуда. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, жұрт келер жылдан бастап көгілдір отынды тұтынады.

Мақұлбек Айтқұлбеков, Көктерек ауылдық округінің тұрғыны:

Біздің ауданымыз шетте орналасқандықтан табиғи газдың келуі өте қиынға соқты. Бұрынғы кездері жаңағы газды отынды көңмен, малдың қиымен ағашпен әбіржіп жататын еді. Енді газ келсе жағдай жақсарар еді деп ойлаймыз.

Жандос Азизханов, Бәйдібек аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

15 елдімекеннің жетеуін биыл газға қосамыз. Қалған сегізінің қаржысы кейінгі жылға қаралған. 46 ауылды толық газбен қамтимыз деген жоспарда бар.

Аудан тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуге ден қойған. Жүйелі жұмыстың арқасында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Осылайша былтыр аудан әкімін сайлаған жұрт жаңа өзгерістердің нәтижесін көре бастаған.

Ерлан Нұрмаханов, Бәйдібек ауданының әкімі:

Біраз елдімекендеріміздің суы 24 сағат берілмегендіктен, жолдар мәселесі бар. Таулы аймақ болғандықтан, ең басты мәселе – күрделі электр энергиясымен қамтамасыз ету.

Түркістан облысы бойынша соңғы үш жылда 4 аудан әкімі, 161 ауыл әкімі сайланды. Жыл соңына дейін тағы 11 ауыл әкімін сайлау жоспарланып отыр.


Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу