Энергетикалық кәсіпорындар алдағы жылыту маусымына дайын. Бұл туралы Сұңғат Есімханов айтты. «Биыл елдегі электр станцияларында 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Қазір 5 энергоблок пен 30 қазандық және 26 турбина толық жөнделді. Қалған 5 энергоблок пен 24 қазандық және 18 турбинада жөндеу жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Жылу маусымын бастауға жылу орталықтары дайын. Жылу маусымы басталатын айға керек тиісті барлық қазандық пен турбиналар дайындығы толық. Резервтік мәселені айтып талқылап жатырмыз, ол жұмыстар осы қазан айында толық аяқталады деген сенім бар.
Электр желілері бойынша да жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 18,6 мың шақырым электр беру желілері, 351 кіші станция және 3851 тарату пункті мен трансформаторлық станциялар жөнделген. Отын қоймаларында 4,7 млн тонна көмір және 89 мың тонна мазут қоры бар. Ал, жылыту маусымы әр өңірдегі күн райына байланысты басталады. Ереже бойынша 3 күн мерзімде +8-ден төмен орташа температура болса, әкімдік өздері шешім қабылдайды. Алдағы жылыту кезеңінде 17,4 ГВт электр қуаты пайдаланылады деп жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5% артық. Бірақ ведомство өкілі бұл қажеттілікті жабамыз дейді.
Серік Жұмабек