Өскемен-Қалбатау -Талдықорған республикалық автокөлік жолының құрылысы биыл аяқталады. Бүгінде 90 пайыз асфальт төселіп, белгілер орнатылып жатыр. Қазір күре жолдың бойындағы ауылдарға бұрылатын бөліктер мен көлік аялдайтын арнайы орындарда жұмыс жүріп жатыр. 768 шақырым болатын жолды жаңғырту жұмысы 2019-жылы басталған.
Алайда пандемияға байланысты созылып кетті. Кейін мердігер компаниялардың жемқорлық әрекеті кесірінен құрылыс мүлде тоқтап қалған. Арада үш жыл өткенде жұмыс қайта жанданды. Бүгінге дейін Өскемен-Қалбатау аралығындағы 120 шақырым жол толық аяқталды.
Медет Жәуден, Қалбатау ауылының тұрғыны:
Қазір жақсы, бір сағатта барып келіп аласың, жетіп аласың. Аягөз екі ортасы тезірек бітсе екен деп тілейміз енді. Сол ғана қалды.
Алтай Сәркен, «Қазавтожол» ҰҚ ШҚО Филиалы директорының орынбасары:
Негізінде бұл жолда 3 қабат асфальт. Соның бір жерде бір, бір жерде екі қабаты аяқталған кезде халыққа қолайлы жағдай жасау үшін жүріске рұқсат бергенбіз. Ендігі биылғы жылы толық 3 қабатпен бітіріп, толық аяқтап жатырмыз.
Үш облыстың аумағын қамтитын республикалық бұл жол пайдалануға берілсе ел бойынша жүкті көлікпен тасымалдаудың бір тармағы толық жаңарады. Қазір Жетісудағы жол бөлігінде негізгі жұмыс аяқталды. Ал Абай облысындағы құрылыстың да 85% бітті.
Олжас Керейхан