Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен 173 отбасына жаңа үйлердің кілттері табысталды.
5 айда Бірлік шағын ауданында 700 баспана бой көтерді. Осымен табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарға арналған үйлердің құрылысы аяқталды. «Қазақстан халқына» қоры, «Kaspi» банк, «Kazminerals» және «Kazakhmys» корпорациясы демеушілік көрсетті.
Әлима Жаманғұзова, қала тұрғыны:
Қайғырмаңыздар, бәріңізде үй болады дегенде күмәнданған едім. Қалай 3-4 айда бәріне үй береді деп. Енді міне көзім жетті. Менің інім, сіңілім, қызым үйсіз қалған. Бүгін міне, мен де алып отырмын. Біздің Үкіметімізге үлкен рахметімді айтамын.
Облыс бойынша 2 мыңға жуық үй күрделі жөнделіп, 1400 пәтер сатып алынды. Қазір Бірлік шағын ауданда 90 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Келер жылы көшелерге асфальт төселмек. Қоныстой иелерін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев құттықтады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
100 пайыз Президенттің тапсырмасы СҚО-да орындалды. Зардап шеккен кісілерге тиісті көмек көрсетілді.
Эльмира Каленова