Алматыда тұрғындар бірнеше шақырымға созылған кептеліске шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тұрғындар бірнеше шақырымға созылған кептеліске шағымданды

12.09.2024

Алматылықтар дұрыс жоспарланбай әрі ұзаққа созылған жол жөндеу жұмыстарына шағымданды. Салдарынан қаладағы қозғалыс қиындап, жүргізушілер ұзын-сонар кептелістен көз ашар емес. Мәселен, мегаполис іргесіндегі аудандарды жалғап тұрған «Құлжа тасжолы» жабылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол кептелісі қашан шешіледі?

Бұл қала мен облысты жалғап тұрған «Құлжа тасжолы». Күніне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Қазір жолды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді әр бағытқа 3 жолақ салынады. Шаруа кезең-кезеңмен атқарылғандықтан, жолдың кейбір бөлігі жабық. Сағаттап кептелісте тұратын жұрт шағымын жеткізді.

Құлжа трактінің жабылуына байланысты, Талғар тасжолында бүгін бірнеше шақырымға созылған кептеліс болды. Жұмысқа, оқуға асыққандар көліктен түсіп, қалаға қарай жаяу шыққан.

Тұрғындардың сөзінше, «Талғар тасжолы» да тым тар. Трасса бойында базар, бірнеше тұрғын үй кешені орналасқан. Таңертең, кешке қозғалыс қиын. Оның үстіне бірнеше күннен бері «Құлжа тракті» жабық тұр.

Айдос Желдікбаев, қалалық мобильділік басқармасы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы:

Асфальттің үстіңгі бөлігі алынып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Бүгін жолдың батыс жағын жөндедік, ертең шығыс жағына кірісеміз. Сенбі күні жолды ашамыз. Қозғалыстың қиындап жатқаны содан.

Құлжа – қаладағы ірі әрі маңызды тасжолдың бірі. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, шаһар басшылығы ірі жол тораптарын кеңейту арқылы кептеліс мәселесін реттемек.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу