Түркістан облысында 200 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 200 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар

07.09.2024

Демографиялық өсім жоғары Түркістан облысында 200 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Солардың бірі Сарыағаш ауданында тұратын Бостановтар әулеті. Бірлік пен татулықты темірқазық етіп ұстанған жанұя «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанып, көптің құрметіне бөленген. Өнегелі шаңырақ иелерімен тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы кездесті.

Шипажайда дәрігер болып жұмыс істейтін Болат Бостанов 9 баланың әкесі. Қолы босай қалса, кенжелеріне ертегі оқып, тәрбиесіне көңіл бөледі. Себебі үлкендері ер жетіп кеткенімен, кішілері бастауыш сыныптарда оқиды. Сүт кенжесі Азамат дайындық тобына барады. Сондықтан олардың тәрбиесі мен білімді болып өсуі менің жауапкершілігімде дейді.

Болат Бостанов, Көктерек ауылының тұрғыны:

Тоғыз бала көп деп санамаймын. Құдайдың бергені. Өзім де үлкен семьядан шыққанмын. Үш бала болсын, төрт бала болсын, тоғыз бала болсын әрқайсысы өзінің несібесімен беріледі. Сол үш-төрт баланы қалай асырайсың, үш-төрт бала ертең саған көмек беріп, қалған балаларды асырайды.

Балаларын еңбекке тәрбиелеген әке еліне адал қызмет етіп жүрген балаларын мақтан тұтады. Кейінгілері студенттер Астана, Алматы қалаларында оқиды. Ұрпақтың ұлағатты болуы анасын дейді отағасы. Тоғыз құрсақ көтерген Айжан Қалтаева болса, ата -ененің тәрбиесі мен қолдауын ерекше бағалайды.

Айжан Қалтаева, көпбалалы ана:

Біреуі тәй-тәй жүріп жатса, біреуі бесікте дегендей. Біреуін мектепке апарасың. Ана кішкентай бар. Сол кезде енді енемнің көмегі, сосын көмектесііп, екі қайынбикем бар. Солар көмектесіп, соларға сеніп қалғанмын да уже. Ештеңені қатты уайымдап, неғылмаймын. Көмектері көп тиген.

Әулет демекші, Бостан қариядан тараған ұрпақ та осы Көктерек ауылында тұрады. Ағайын-туыспен тату тірлік кешкен бауырлардың жұптары ешқашан жазылған емес. Жиі басқосып, қуаныштарын бірге бөліседі. Адал еңбек пен адамгершілікті ту еткен мерейлі отбасы елдің құрметіне бөленіп жүр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу