ЖЭО жөндеуге 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖЭО жөндеуге 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

06.09.2024

Елдегі жылу электр станцияларының 70 пайызы тозған. Ал энергия тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайызға өсуде. 2035 жылға дейін сағатына 152 млрд киловаттан асып кетеді. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов, Степногорск қаласындағы өндіріс орындарын аралап, Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қала жылыту маусымына 70 пайызға дайын. Қазір жылу электр орталығындағы екі қазандықпен бір турбогенератор жөнделіп жатыр. Қалған жұмыс аяқталды. Мамандар шаһарға жылу мерзімінде беріледі деп отыр.

Бірақ 60 жыл бұрын салынған орталық қазір әбден тозып тұр. Жылу құбырларының жамайтыны қалмаған. Желілер де ескірген. Биыл орталықты жөндеуге 7 миллиардтан астам қаржы бөлініп, 7 қазандықпен 5 турбогенератор жөнделген. Тағы 14 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Дегенмен, мұнымен бар мәселе шешілмейді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Біз қазір еліміздегі жылу желілерінің қандай күрделі жағдайда тұрғанын білеміз. Президент өз Жолдауында тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша жеке жоба әзірлеуді тапсырды. Оған шамамен 10 триллион теңгеден астам қаржы керек.

Бұл тау-кен химия комбинаты жылына 4 мың тонна уран өндіреді. Қазір мыңнан астам маман жұмыс істейді. Кәсіпорынның жобалық қуаты алдағы екі жылда тағы 1,5 есеге дейін артпақ.

Артем Важин, «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» АҚ бас директоры:

Біз алдағы уақытта уран бойынша өндірісінің қуатын 6 мың тоннаға дейін жеткізбекпіз. Ол үшін қазір реконструкциялау және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өндіріс көлемі артқанда электр энергиясына да сұраныс еселенеді. Қазір еліміз 17 ГВт энергия тұтынады, ал өндіретінімз 16 ГВт қана. Тапшылық жыл сайын арта береді. Сондықтан тұрақты энергия көзі қажет деді Үкімет басшысы. Өндірісті әртараптандыру қажеттігін қарапайым қызметкерлер де түсінеді.

Андрей Черных, «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» АҚ бас инженері:

Өндіріс орнында 17 жыл жұмыс істеймін. Өнеркәсіптік циклдің қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқанын және ескірген технологияларды жаңарту қажеттігін ескерсек, бізге атом электр станциясын салу қажет деп санаймыз.

Үкімет басшысы аумағы 5,5 гектардан асатын жылыжайға да барды. Мұнда көкөністің түр-түрі өсіріледі. Өнім көбіне басқа облыстарға жөнелтіледі. Бұдан кейін Олжас Бектенов қаладағы емхана ұжымымен кездесті. Заманауи құрылғылармен жабдықталған медициналық мекеменің әлеуетін көрді.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу