Жалған деректер енгізу арқылы субсидия алу деректері тыйылмай тұр. Мәселен, биыл Шымкентте осындай 5 жағдай анықталды. Фермерлер мемлекеттен жалпы сомасы 24 миллион теңгені қалтаға басқан.
Бұл фермерлер сауылған сиыр сүтін өңдейтін кәсіпорындарға өткізуге міндетті болған. Алайда өнімді цехтарға жібермей, сүттің бағасын арзандату туралы өтінімге жалған ақпараттар енгізген. Сөйтіп әр литріне мемлекеттен 20 теңге қолдау қаржы алып келіпті. Осындай заңсыздыққа жол берген 6 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қали Бейсенбаев, қала прокуратурасының аға прокуроры:
Қалған 4 қылмыстық іс бойынша алаяқтық бабымен іс қозғалды. Тергеп-тексеру барысында олар жымқырған қаржыны мемлекетке қайтарды. Осыған байланысты ақталмайтын негізде қылмыстық іс тоқтатылды.
Ал адал еңбекпен егін салып, мал баққан шаруа субсидия ала алмай сергелдеңге түсіп жүр. Мәселен, биыл мың гектарға дән сепкен Манасбай Бекбауов мемлекеттен бір тиында алмаған. Жылда тыңайтқыш, жанармай мен тұқымды да нарық бағасымен алады.
Манасбай Бекбауов, шаруа қожалығының төрағасы:
Субсидияға берген дизель отыны нарықтағыдан 4-ақ теңгеге арзан. Жоғарыдағылар 30-40 арзан деп отыр. Жол-жөнекей оператор бар, тарату керек дейді, солардың бәрін қосып келгенде оның 4 теңгесіне барғанша, жанар-жағармайдан қарызға алған жақсы.
Жолдауда қаржылай қолдаудың өзге тетіктерін қарастыру туралы Президент тапсырмасынан соң енді бұл істе бірқатар өзгерістер болғалы тұр. Қаржыландыру біртіндеп тауарлы несие, қайтарым үстемақысы аз несие беруге көшеді.
Қайрат Базарбеков, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
Алдағы 2025-2026 жылдары бірқатар мемлекеттік қолдаулар Агрокредиттік корпорацияға осы функцияларды несиелендіру арқылы өткізіледі.
Субсидияның машақатын әкімдіктің статистикасынан да байқауға болады. Мегаполисте 6 мыңнан астам шаруа қожалығы болса, соның 100-ге жуығы ғана мемлекеттен көмек алған.
Ғани Қалмаханов