Жылу қазандықтарын жөндеу кестеден кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу қазандықтарын жөндеу кестеден кешігіп жатыр

03.09.2024

Шығыстағы жылыту электр орталығындағы қазандықтарды жөндеу мерзімінен кешігіп жатыр. Ең басты себеп маман тапшы. Қажетті жабдықтар да уақытылы жеткізілмеген. Алтай мен Серебрян қаласындағы қазандықтарды жаңалау әлі аяқталған жоқ. Ал тұрғындар ерте көктемнен бері осы күнге дейін ыстық сусыз отыр. 

Алтай ауданында биыл 3 жылыту қазандығы жөнделіп жатыр. Мемлекеттен 860 миллион теңге бөлініп, Алтай мен Серебрян қаласы және Жаңа Бұқтырма кентінде жұмыс басталған. Алайда аудан орталығындағы ахуал көңіл көншітпейді. Мердігердің салғырттығы салдарынан қажетті жабдық уақытылы жеткізілмеген. Білікті маман тағы жетіспей жатыр.

Константин Неверов, Алтай қаласының жылыту орталығының басшысы:

Былтыр жалақының аздығынан бірнеше адам жұмыстан шықты. Қазір нақты бар жұмысшылардың санына байланысты тариф белгіленіп жалақы төленеді. Яғни біздің жалақы тарифке тәуелді. Енді біз басқа ешкімді қабылдай алмаймыз.

Соңғы үш жылда жалақы мәселесін реттеу үшін жергілікті басшылар өкілетті органдарға хат жазумен келеді. Әзірше нәтиже жоқ. 15 дәнекерлеушінің орнына қазір 7 адам жұмыс істеп жатыр. Көбісі зейнеткерлер. Ал жұмысты енді бастаған жас мамандарға 160-170 теңге төленеді. Мұндай еңбекақыға ешкімнің келгісі жоқ.

Владимир Огнев, дәнекерлеуші:

Жас маман алтыншы санатқа жеткенше бірнеше жыл өтеді. Оның балалары өспей ме, қажеттілігі артпай ма? Осы мәселелерді зерделеу қажет. Отбасын асырау оңай емес. Оған қоса несиесі де болады.

Жылыту орталығының жетекшілері бар күшті жұмылдырып жатыр. Өйткені жаздай ыстық сусыз отырған тұрғындар, енді жылудың уақытында берілуін қалайды. Ал орталыққа қажетті құрал-жабдықты уақытылы жеткізбеген мердігер мекемемен жасалған келісім бұзылды.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Бізде кейбір мердігер компаниялар бар. Ол тек Алтай қаласында, Алтай ауданында емес. Барлық жерде бар. Жауапсыз мердігер дейміз. Ондай жағдайлар бар. Біз заңдылық төңірегінде қарсы санкция қабылдап жатырмыз.

Қабылданған шешімге сәйкес қазандыққа қажет материал алу үшін байқау қайта жарияланды. Бірақ жылыту орталығы қолда бар құралдарды пайдаланып суық түскенше кем дегенде 1 қазандықты қосуға әрекет етіп жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу