Жамбылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы білім ошағы пайдалануға берілді. Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында бой көтерген ғимарат 600 балаға арналған. Білім күнінде балалар игілігіне берілген мектепте алғашқы қоңырау соғылды.
Осылайша аймақтағы алғашқы «Жайлы мектептің» бірі есігін айқара ашты. 525 бала жаңа мектепке қадам басты. Бұған дейін ата-аналар да алысқа қатынайтын балалары үшін алаңдайтын. Өйткені өзге мектептер аудан орталығынының шетінде орналасқан.
Гүлзада Мыңжасарқызы, ауыл тұрғыны:
Дәл осы жерге мектеп қажет еді. Өйткені біздің балаларымыз алыс жердегі №1 мектеп гимназия мен Ғани Мұратбаев гимназиясына барып оқитын. Дәл керек кезде менің балам биыл бірінші сыныпқа барды. Мен баламның осы жаңа, жайлы мектепте оқығанына қуаныштымын.
Жаңа білім ұясына барған шәкірттердің шаттығында шек жоқ. Мектеп базасы балаларға қажетті барлық құралмен қамтылған. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана бар.
Асылжан Әзімбек, оқушы:
Барлығы жайлы, өте жаңа екен. Біз осындай мектепте болашақтың маманы боламыз, өте мықты білім аламыз деген ойдамыз.
Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жамбылда жалпы 12 мектеп салынады. Оның алтауының құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталмақ.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
Осы ретте облысымызда ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтауды көздеп отырмыз.
Сондай-ақ биыл облыс бойынша 10 мектепте күрделі, ал 96-да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептерді материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 млрд.теңге қаржы қаралған.
Данияр Әлімқұл