«Шығыс әуендері». Осындай атаумен Өзбекстанның Самарқан қаласында ауқымды өнер мерекесі басталды. Халықаралық музыка фестивалі бес жылдық үзілістен соң қайта жалғасып отыр. Бұл шараға әлемнің 80-ге жуық елінен мыңдаған өнерпаз келген. Арасында қазақстандық дәстүрлі әншілер де бар.
Алғаш рет 1997 жылы өткен өнер фестиваліне 30-дан астам елдің өкілі қатысқан екен. Содан бері әр екі жыл сайын өткізіліп келген халықаралық шараны ұйымдастыру пандемияға байланысты соңғы жылдары үзіліп қалған еді. Биыл шымылдығын қайта түрді.
Сирожиддин Усаров, Өзбекстан Мәдениет министрлігі ақпарат қызметінің басшысы:
Бұл фестиваль уақыт өткен сайын қанатын кеңге жайып, дүниежүзі халықтарын рухани тұрғыда біріктіретін тамаша ән мерекесіне айналады деген сенім бар. Көрікті әсем орындарды, халықтың қонақжайлығын барша әлемге көрсеткіміз келеді, сондықтан өнер сүйер қауымды осы шараны тамашалауға шақырамыз.
Осыдан 27 жыл бұрын ауқымды байқауға тұңғыш рет біздің елімізден танымал әнші Рамазан Стамғазиев қатысып, жүлделі орыннан көрінген. Ал биылғы мерекеге батыс ән мектебінің көрнекті өкілдері Мұхит Мералыұлы мен Ғариолла Құрманғалиевтың ізбасарлары арнайы келген.
Ернар Өмірәлі, «Атамекен» этнофольклорлық ансамблінің мүшесі (БҚО):
Қазақ композиторларының әндері мен күйлері бар, репертуарымызда. Қазақ өнерін бұйырса паш етеміз деп отырмыз. Халық әндерін орындайтын дәстүрлі әншілеріміз бар, эстрадалық бағыттағы әншілер бар. Этнофольклорлық ансамбль болған соң жан-жақтымыз.
Фестиваль аясында «Шығыс халықтарының музыкалық мәдениеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған. Оның жұмысына 32 елден фольклортанушылар мен мәдениет саласының мамандары, ғалымдар қатысып жатыр. Фестиваль апта соңында қорытындыланады.
Базаркүл Отыншиева