Президент Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен кездесті. Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының спикері екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Ал Мемлекет басшысы қазақ-тәжік қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Кеше Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылғанына назар аударып, бұл екіжақты ынтымақтың мүлдем жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл құжаттың тарихи маңызы зор. Осы арқылы алға қарыштап қадам басамыз. Президент, құрметті Эмомали Рахмонның парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсынысын қолдаймын. Өзіңізді еліміздің шынайы досы ретінде білеміз.
Махмадтоир Зокирзода, Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы:
Қазақстан – Тәжікстанның сенімді досы, стратегиялық серіктесі. Сіздің бұл сапарыңыз екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Біз бұған ерекше мән береміз. Сапар аясында 16 құжатқа, соның ішінде тарихи мәні зор Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен кездесті. Президент келісімдер екі елдің сан қырлы ықпалдастығын жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді. Ал Кохир Расулзода Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақ жандана түскеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кохир Расулзода келісімдерді жүзеге асырудың, сондай-ақ өндірістік кооперациядағы және сауда-экономика, көлік-транзит салаларындағы әлеуетті толықтай пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.
Оңғар Алпысбайұлы