Азық-түлікке ай сайын қанша қаражат кетеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азық-түлікке ай сайын қанша қаражат кетеді?

22.08.2024

Ал азық-түлік бағасын негізсіз өсірген ірі сауда желілеріне айыппұл салынды. Жыл басынан бері заңды бұзған 2500-ден астам сауда орны анықталған. Соңғы екі жыл қатарынан қазақстандықтар табысының жартысынан астамын тамаққа жұмсайтыны жарияланып келді. Жағдай өзгерді ме? Айя Мүтәлі халық ай сайын азық-түлікке шамамен қанша қаражат жұмсайтынын білу үшін сауда орнын аралап, зерделеп қайтты.


Айя Мүтәлі, тілші:
Біз қазақстандықтар жиі баратын сауда орнына келіп тұрмыз. Мұнда баға салыстырмалы түрде арзан немесе қолжетімді деуге болады. Қазір министрлік ұсынған әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімі бойынша азық-түлік себетін жинап көреміз.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ең алдымен маған көкөніс алу қажет. Мұнда пияз бар екен. Тізімге қарайтын болсақ, оның құны былтыр 177 теңге болған, биыл 129 теңгеге түсіпті. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, мұнда пияздың бағасы 145 теңге. Бір келісін алайын. Жетіп қалар.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ал сәбіздің бір келісі 218 теңге.
Ал картоптың келісін 225, қырыққабатты 218 теңгеден алдық.

Айя Мүтәлі, тілші:
Күнбағыс майы 15 пайызға арзандаған. Былтыр оның бір литрі 781 теңге болса, 626 теңгеге дейін түскен. Ал бұл гипермаркетте оның ең арзаны 529 теңге. Ал ең қымбаты 814, яғни орташа құны 671,5 теңге. Ал мен ең арзанын аламын.
Нарықтағы баға айырмашылығын министрлік өкілдерінен сұрадық. Олар азық-түлік бағасын әр өңір өзі белгілейді деп түсіндірді. Ал сауда нысандары үстемеақыны 15 пайыздан асырмауы қажет. Алайда биылдың өзінде бағаны негізсіз өсірген 2527 сауда орны анықталды. Дені – Астана, Алматы, Шымкент қаласында.

Тойгүл Жұбанышева, ҚР СИМ Сауда комитетінің ресми өкілі:
Бірінші рет ережені бұзған жағдайда ескерту алады. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, онда айыппұлға ілінеді.
Айя Мүтәлі, тілші:
Макарон да халық жиі тұтынатын өнім. Оның келісі 299 теңгеден екен. Маған қазір екі келі макарон қажет.
Ал қарақұмық жарнасы 175 теңге, қант 399 теңге. Ұнның да ең арзанын таңдадық. Екі келісі 649 теңге шықты. Тізімде сүт өнімдері де қамтылған. 1л айран 595, сүт 405, жарты келі сүзбе 1500 теңгеден.

Айя Мүтәлі, тілші:
Бұдан бөлек 30 дана жұмыртқа қажет. Мұнда ең арзаны 1590 теңге екен. Соны алайық.
Ал сиыр етінің келісі 3300, тауық еті 1500 теңгеден шықты. Бұдан бөлек сары май мен тұз, және нан алдық.

Айя Мүтәлі, тілші:
Мен бір жас отбасыға жететіндей аз мөлшерде азық-түлік жинадым. Бағасы шамамен 25 мың теңгедей шықты. Бұл 1,5 аптаға жететін азық-түлік. Сонда жас отбасы бір айда 70-80 мың теңге жұмсайды деген сөз. Бір ескеретін жайт, бұл жеміс-жидек пен өзге де күнделікті тұтынатын азық-түлікті есептемегендегі баға.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу