Жамбылда қар барысын көруге мүмкіндік туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда қар барысын көруге мүмкіндік туды

21.08.2024

Жамбыл облысында қар барысын жақыннан көріп, аю мен арқарлар жүрген жерге баруға болады. Меркі ауданы туризмнің осындай бағытын дамытып, ұлттық парк құруға кірісті. Тіпті аймақ тұрғындарын Алатаудың басына апарып, Тянь-Шань тауымен таныстырды. Олар қалың қар жамылғылар мен мәңгілік мұздықтарды тамашалады. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мен Меркі тауының зау биігінде 3 100 метр биіктікте тұрмын. Ал арғы бетте Алатау көрініп тұр. Яғни бұл қалың қар жамылғылары мен мәңгілік мұздықтар мекені.

Осылай алып тастарды артқа тастап Тянь-Шань тау жүйесіндегі Қырғыз жотасына жаяу жүрдік. Оған дейін Меркі ауылынан «Бүркітұя» шатқалына дейін 60 шақырым көлікпен келгеніміз тағы бар. Алатауға дейін 16 шақырымды жаяу жету керек.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ал ақыры Алатаудың етегіне де жеттім. «Мәссаған!» деп мына кереметті де көрдік. Жаздың күні қарды да қолмен ұстау бір ғанибет екен.

Биікті бағындырғандар қатарында 77 жастағы өлкетанушы да бар. Ақсақал жолы қиын экспедицияға Жамбыл туризімі жаңа бағыт алғанына қуанғандықтан қатысқан.

Серік Құралбай, өлкетанушы:

Біріншіден жастарға үлгі көрсету, екіншіден туған жерді сүю, үшіншіден соны қадірлеу. Құдайдың құдіретін көрем десең тауға бар деген сөз бар. Сол сияқты мұздық деп жатырмыз, мүмкіндігім болғанша жыл сайын келуге тырысамын. Бұл менің – мақтанышым. Бұл менің – мәртебем.

Осылайша 30 адамнан тұратын топтың тек сегізі ғана ақсәлделі Алатаудың 4 мың метр биіктігін бағындырды. Тау құмарлардың тілегі инфрақұрылымды реттеп, инвестор тарту туралы болды.

Арнат Дүйсен, журналист:

Мұндай табиғатты әр адам көру керек деп ойлаймын. Өйткені тамсану керек. Басқаша бір энергетика аласың, сиқыры бар секілді. Мына жақта бір аспалы жол болса екен, ешкім жаяу жүрмейді. Аспалы жолмен келеді, сонда туристер саны көбеюі мүмкін. Аспалы жолға да инвестор тартуға болады.

Енді Меркі де өңір туризімін өрге бастыру мақсатында 103 мың гектар болатын Ұлттық парк құрмақ. Этно және эко туризмді дамытып, сақ моншаларын салмақ. Туристер қар барысы, арқарлар мекенін көріп, балбал тастар жазығына бара алады.

Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:

Асфальт төсемейміз, өйткені біз табиғатты бұзамыз. Не үшін біз ұлттық парк қылып жасап жатырмыз. Қазір мына жерлердегі жерлер қысқа мерзімге жалға беріледі. Ал Ұлттық парк жасап, біз туристік аймақтарды белгілегенде ол аймақтарды 49 жылға арендаға беруге болады. Яғни инвесторыңыз қаражатын сенімді салуға мүмкіншілік алып отыр.

Ал мемлекет тарапынан инвесторлардың туризмді дамытуға салған қаржысының 25%-ы субсидияланады. Тау етегіндегі шипажайларымен мәшһүр болған Меркі ауданы енді тау шыңына өрмелейтін альпинистер арқылы атын шығармақ. Алда Алатаудың етегінде альпинистерге арналған база құрылады.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу