Шығыс Қазақстан облысындағы балабақшаларға бала сыймай жатыр. Қазір өңірдегі мектепке дейінгі мекемелерде кезекте 2 мыңнан астам бүлдіршін тұр. Олардың басым бөлігі Өскемен қаласында. Облыстағы осы салаға жауапты басқарма қызметкерлері орын тапшылығын ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуімен байланыстырады.
Айгүл Қосқанова алыс ауылдардың бірінен Өскеменге көшіп келген. Қазір қаладағы ең шеткі шағын ауданда тұрады. Көпбалалы отбасының үлкен үш баласы қаладағы мектеп-интернатта оқиды. Ал ең кішісін үйіне жақын жердегі мектептегі шағын орталыққа бере алмай жүр.
Айгүл Қосқанова, көпбалалы ана:
Маған жақын жерден керек. Ол мектепте орын бар болса да сайт арқылы кіру керек. Ол сайтты мен білмеймін.
Сайтты білетін ата-аналар да тіркеле алмай жүр. Назерке Мамәділова да көпбалалы ана. Бірақ балабақшаға баласын орналастыруды мемлекеттен берілетін жеңілдікті ол да пайдалана алмай келеді.
Арнайы порталдың жүйесі өте қиын дейді. Есесіне кейбір пысықайлар бұл сайтты пайда көзіне айналдырып алған.
Назерке Мамәділова, Өскемен қаласының тұрғыны:
Былтыр мен үшінші балама 12 мың теңге беріп орналастырттым. Биыл сол адамдарда 30 мың теңге болып тұр. Олар бізге инстаграм мен тиктоктан шығады. Баяғыда бізде «Индиго» деген болған. Ол жерде жеңілдеу болған. Қазір «Балабақша» дегенді ұқпай жатырмыз, жүйесі қиын.
Жүйесі қиын екенін осы саланың мамандары да растап отыр. Бүгінде облыста 386 мектепке дейінгі мекеме бар. Әр аудандағы балабақша жасындағы бала саны да әр түрлі. Кезектің ең көбі - Өскеменде. Биыл маусым айында ғана ашылған 240 орындық балабақшада мүлде орын жоқ.
Жанар Ерболатова, Балабақша меңгерушісі:
Қазіргі топта бала толық. Жалпы білім беру тобында 25 баладан. Түзету топтарында коррекциялық топтарда 12-15 баладан орындар. Бұл дегеніміз кезектегі балалардың саны өте көптігі.
Кезекті кеміту үшін жыл соңына дейін Өскеменде үш, Зайсан мен Күршім ауданында қос балабақшадан ашылады. Нәтижесінде кезекте тұрған екі жарым мың бүлдіршіннің бір мың тоғыз жүзден астамы биыл бөбекжайға барады. Ал порталға қатысты мәселе де шешілмек.
Бұлбұл Қозыбаева, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Оқу-ағарту министрлігімен енгізіліп жатқан бірыңғай кезектілік, техникалық жұмыстар біткеннен кейін сол бірыңғай кезектілікке көшеміз. Өйткені бірыңғай кезектіліктің ең жақсысы осындай «көмекшілердің» жұмысын жоюға мүмкіндік береді.
Порталдағы кемшілік жойылғанша ата-аналар балабақшасыз қаламыз ба деп күдіктеніп отыр. Ал қыркүйек болса қыр астында...
Олжас Керейхан
