Түркістан облысы Жетісай ауданында небәрі 13 жыл бұрын салынған мектептің қабырғалары жарылып, едендері шөге бастаған. Сондықтан жаңа оқу жылында ғимараттың бірінші қабатындағы сынып бөлмелері уақытша жабылатын болды. Ал ата-аналар болса жаңа оқу жылына дейін жөндеуден өтпеген мектепке балаларымызды қалай жібереміз деп алаңдап отыр.
Бұл Мақташы ауылындағы 250 орындық жалғыз мектеп. 2011 жылы тапсырылған нысанның қабырғалары қазір бірнеше жерінен жарылып тұр. Едендері де шіріп, тесіктер пайда болған. Сапасы сыр берген ғимараттың жағдайын білуге бүгін бір топ ата-ана келді.
Марат Бұхаров, Мақташы ауылының тұрғыны:
Қабырғаның барлығы жарылып кеткен. Арғы бетінен дала көрінеді. Ішінен қарасаң дала көрінеді. Кафельдерін қалай болса солай қойып кетіп жатыр.
Білім ошағында қазір санаулы жұмысшы жүр. Бірі дәліздердің едендерін жөндесе, өзгесі бұған дейін жабық тұрған әжетхананы іске қоспақ.
Мектептің жағдайын көруге жауаптылар да жетті. Айтуларынша арнайы техникалық сараптама жүргізілуі тиіс. Алайда бұл жұмыстар жыл соңына дейін атқарылатын болыпты. Содан кейін ғана ғимараттың апатты жағдайда екені немесе күрделі жөндеумен шектелетіндігі белгілі болмақ. Ал оған дейін мердігерлер мүмкіндігінше ретке келтіреді деп сендірді.
Шоқан Адайбеков, Жетісай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Иә, жарылған жерлері бар енді. Бірақ былайша айтқанда негізгі қабырға жарылмаған. Оның барлығын біз мердігерлерге ескерттік. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда кемшіліктердің барлығын жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқушыларды 1-ші қыркүйекке дейін қабылдауға дайынбыз.
Мектеп ғимараты қауіпті болғандықтан, балалар екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Жетісай ауданында биыл 74 мектептің 28-і күрделі жөндеуді қажет етсе, соның біреуіне ғана қаржы қарастырылған. Қалғаны қаржының жоқтығынан келер жылға қалды.
Айнұр Әбілқасымқызы