Жетісайда мыңнан астам бала қатынап оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісайда мыңнан астам бала қатынап оқуға мәжбүр

23.09.2022

Сүрілген мектеп қайта салынбады. Түркістан облысы, Жетісай қаласында үш жыл бұрын бұзылған Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің құрылысы әлі күнге дейін басталмады. Соның кесірінен мыңнан астам бала көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Мына шұңқырда алпыс жылдан астам тарихы бар екі мектептің ғимараты болған. Алайда ескірді деген сылтаумен үш жыл бұрын нысандар бұзылған. Содан бері жаңа мектептің құрылысы басталмай, оқушылар әуре сарсаңға салынып жүр.

Оқушылардың кейбірі бес шақырым жердегі білім ұясына жаяу қатынап жүр. Өйткені жергілікті билік тасымалдауға бөлген жалғыз автобус ескі әрі әр баладан күнделікті ақы алады.

Айжан Сапарбаева, Жетісай қаласының тұрғыны:

Амалымыздың жоқтығынан Горький мектебіне біраз тығылдық. Олар да өзімізге керек деп біздің бала-шағамызды шығарып салды. Одан 119 мектебіне бардық. Ол жерден де шығарып салды. Сонымен балаларымыз үш жылдан бері әлекте жүр. Былтыр желтоқсан айында бітеді, кілтті тапсырады деп айтқан. Ол желтоқсан да кетті. Әлі бір адам келіп жатқан жоқ.

Қалдығыз Басбатырова, Жетісай қаласының тұрғыны:

Бес шақырым жерге барып оқиды балалар, ал көшеде өтетін зиг заг жоқ. Балалар өтетін жай жоқ. Ал енді мына бір автобус шығарып қойған. Ол автобуста балалар былай тіресіп келеді.

Мектепке кеткен баланың аман-есен оралуын күтіп, көңілі күпті болған ата ана жол бойына бағдаршам орнатса дейді. Себебі, жуырда ғана бір оқушыны көлік қағып кеткен.Ал былтыр салынып бітуі тиіс білім ұясының қашан берілетіні белгісіз. Тіпті іргетасы да қаланбаған.

Сейткерім Жолдыбаев, Жетісай қаласының тұрғыны:

Ал мен аудан әкіміне осы ата-аналарды талай ертіп бардым. Осы жердегі жаңадан келген аудан әкіміне. Ол менің жұмысым емес дейді. Ол мектепке мен қарамаймын дейді. Енді бұл мектеп тарап жатыр. Балдардың бәрі кетті, мұғалімдер жұмыссыз қалады енді. Мектеп жабылайын деп жатыр.

Жергілікті билік өкілдері құрылыс жақын арада бастала қоймайды деп отыр. Себебі бұған дейін жұмысты аяқсыз қалдырған мердігермен соттасып, уақыт өтіп кеткен. Енді тендер қайта жариялапты.

Данабек Әбенов, Жетісай аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

2021 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаны қайта қарауға берген. Қазіргі таңда қаралып жатыр. Сараптамадан оң қортынды алынған соң, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүреді да, жеңімпаз анықталады. Жеңімпаз анықталған соң құрылыс жұмыстары басталады.

Мердігердің қашан анықталатынын да құрылысқа жауаптылар айта алмады. Сондықтан жетісайлық балалардың тағы бір жыл қатынап оқуына тура келеді. Ал аудан басшылығы оқушыларды тасымалдауға екі автобус қосып беруге уәде етті.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу