Жамбылда жол апатынан қайтыс болған екі полиция қызметкеріне «Айбын» ордені берілуі мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі мәлімдеді. Сондай-ақ салалық министрлік тарапынан қызмет бабында қаза тапқан сақшылардың отбасы мен балаларына барлық жағдай жасалады. Күні кеше марқұмдарды жақындары мен әріптестері арулап жер қойнына тапсырды. Оқиға орнында жан тапсырған 4 жолаушыны да ағайын, туысы ақтық сапарға шығарып салды.
«Меркі Шу-Бұрылбайтал» республикалық автодәлізіндегі жантүршігерлік жол апаты 6 адамның өмірін жалмады. Олардың қатарында полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев пен аға лейтенант Абылайхан Әбішкен де бар. Қызмет бабында қаза тапқан асыл ұлдардың артында аңыраған анасы, жылаған жары мен балалары қалды. Оларды туыстары туған жері Меркі және Талас ауданына жерледі.
46 жастағы Ғалым Арыстанбаев көп балалы әке еді. Ол өз үйінен шағын балалар үйін ашып, үш баласынан бөлек 8 жетімді бауырына басты. Балаларға қамқорлық танытқан қоғамдық қызметі үшін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына кірді. 15 жастағы үлкен ұлы асқар тауының аманатын арқалап, аяқсыз қалған істерін жалғауға серт еткен. Ол да әкесі секілді қоғам тыныштығын қорығысы келеді.
Нұрболат Қазыбек, Ғ.Арыстанбаевтың ұлы:
Мен әкемді өте қатты жақсы көретінмін. Әкемді үлгілі адам көретінмін. Оны мақтан тұтатынмын. Өскен кезде әкемнің ізін басып, әкем сияқты полиция қызметкері болғым келеді. Ол өз жұмысын өте қатты жақсы көретін. Бізбен бірге аз уақыт өткізсе де ол уақытты сапалы, қызықты қылып өткізетін.
Капитан полицияда 20 жылға жуық еңбек етті. Сапындағы жас сержанттарды қызметтің қыр-сырына баулып, шені өскен шәкірттерді де шығарды.
Ниетқабыл Әлібаев, полиция аға лейтенанты:
Өте кең пейіл, қамқоршы, өзінің кеңестерін, ақылын айтып отыратын. Жұмысына адал, еңбекқор кісі еді.
Ал Ақкөл ауылына керуен тартқан қаралы көш аға лейтенант Абылайханды ақтық сапарға шығарып салды. 32 жасында опат болған полицейдің артында жары, бес және бір жастағы баласы қалды. Марқұмдардың жерлеу рәсіміне Астанадан арнайы келген министрлік өкілдері қызмет бабында қайтыс болған әріптестеріне батырға лайық құрмет көрсетпек. Алда «Айбын» орденін беруді қарастыруда.
Арман Саданов, ҚР ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы:
Абылайхан мен Ғалымды «Айбын» орденіне ұсыну, сондай тапсырма берілді. Балаларына бүкіл жағдай жасалады. Мектепте де, кәмелетке толғанша, толғаннан кейін де біздің ІІМ-інің жоғары білім оқу орындарына барамыз десе оған да үлкен үлесімізді қосамыз.
Алты адам ажал құшқан апатқа қатысты қылмыстық іс жүріп жатыр. Сараптама сызбалары «Тойота Альфард» көлігі қарсы бағытқа шыққанын көрсеткен. Айта кету керек, автокөліктің рөлі сол жақта болған. 25 жыл бұрын шыққан көліктің рөлі ауысқан болуы мүмкін. Көп жағдайда рөлі сол жағына өзгертілген көліктер жолда бұрылмай, қатып қалатыны бар. Апаттың анық себебін алда тергеу анықтамақ.
Данияр Әлімқұл