Қызылорда облысында күріш алқабына алғашқы орақ түсті. Биыл Сыр диқандары 83 мың гектарға өңірдің басты дақылын еккен. Жалағаш ауданы, Таң ауылы шаруаларының күзгі науқанына Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы келіп, жиын-терім жұмыстарына сәттілік тіледі.
Биыл күріштің шығымы жақсы. Аймақта алғашқылардың бірі болып «Таң» шаруашылығы егінге орақ салды. Соңғы жылдары диқандар күріш егуге жаңа технологияларды қолданып, алқаптар лазерлік құрылғымен тегістелді. Бұл әдіс суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Заман талабына сай бейімделген сырбойылық шаруалар биыл да мол өнім алып, қамбаны дәнге толтырмақ.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
Тек біздің өңірде емес, біздің елімізде емес, әлемде су тапшылығы сезілуде. Соған қарамастан бізде қазір дәнді дақылдардың көлемі қысқарып жатқан жоқ. Біз биылдың өзінде 193 мың гектар жерге дәнді-дақылдар орналастырдық.
Сыр өңірі үшін күріш жәй ғана дақыл емес, елдің әлеуетін арттыратын кәсіп. Бүгінде облыстағы іргелі шаруашылықтар өз қаржысы есебінен ауылын түлетіп, көркейтіп отыр. Солардың бірі Нағи Ілиясов елдімекені. Сала министрі мен еліміздің өзге аймақтарынан келген шаруашылық өкілдері ауылдың заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Үлгілі шаруашылықтар бар өздерінің қаржыларын ауылға құйып, ауылды дамытып жатқан, көтеріп жатқан. Соның бірі Қызылорда облысында, Нағи Ілиясов ауылы. Осы жерде семинарымызды өткізіп, осы тәжірибемен басқа да шаруашылықтардың басшылары бөлісіп, өздерінің елдерінде осы жұмысты жасауға.
Жалпы оңтүстік өңір үшін ауыл шаруашылығы асыраушы сала. Мемлекеттен егін шаруашылығына жан-жақты қолдау бар. Мұны аймақ күрішшілері де сезініп, тапқан табысының қомақты бөлігін ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бөліп келеді.
Әділбек Серікұлы