Өзбекстанда халықаралық экологиялық құрылтай өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда халықаралық экологиялық құрылтай өтті

14.08.2024

Өзбекстанда экология және туризм бойынша халықаралық жастар құрылтайы өтті. Оған біздің елімізден де арнайы делегация қатысты. «Жастар – болашақты құрушылар» деген атаумен өткен шара биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Бас-аяғы оннан астам мемлекеттің белсенді азаматтары тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын өткізді.

Құрылтайға қатысушылар әлемді жақсы жағына өзгертіп, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Сала мамандары қатысқан оқу семинарында өз біліктілігін паш етті. Әсіресе «Сен табиғатты қорғау заңдарын білесің бе?» байқауы аясында жастар өз еліндегі экологиялық проблемаларды айтып, оны шешудің жолдарын ұсынды.

Нұрболат Мейірбеков, Шымкент қалалық жастар ассамблеясының төрағасы:

Жалпы Орта Азия мемлекеттері, көршілес елдерден экологияға қатысты маңызды мәліметтер біліп жатырмыз. Түрлі ақпараттар үйреніп, мұның барлығы келешекте өз пайдасын береді деген үміттеміз. Мұндай іс-шаралар өзіміздің Қазақстанда да өтсе екен деген ойдамыз.

Экология министрлігі, туризм комитеті және Қашқадария облысының әкімдігі ұйымдастырған құрылтайда түрлі мәдени шаралар да қамтылған. Төрт күнге жалғасқан жиында «Үздік экологиялық жоба», «Үздік туристік жоба» байқаулары ұйымдастырылды. «Қалдықсыз әлем үшін» плогинг науқаны өтті. Мақсат - жастарды қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу.

Зарина Абдуллаева, Экология министрлігінің бөлім басшысы:

Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, білімді нығайтуға бағытталған шаралар жыл бойы ұйымдастырылады. Әсіресе, жас буынның табиғатқа жанашыр болуына баса назар аударамыз. Бағдарламадағы экоквест, плогинг, интеллектуалдық ойындар мен өзге де іс-шаралар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық туризмді дамыту жолында жастарды біріктіреді.

Құрылтай аясында өткен «Жастар спартакиадасында» белсенділер өз аймағының намысын қорғады. Құрылтайға жиналғандар бұқаралық спорттық ойындарға, ұлттық және этникалық спорт түрлерінен жарыстарға қатысты. Жиын соңында «Жас экологтар» қозғалысының және «Туризмнің жас елшілері» кеңесінің төрағасы сайланды.

Базаргүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу