Ұлытау облысында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі өтті. Әр аудан мен қалалардан үздік деп танылған үлгілі 5 отбасы республикалық деңгейде өтетін ақтық бәсеке жолдамасын сарапқа салды.
Жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан бұл сайысқа биыл 3 мыңнан аса отбасы қатысуға ниет білдірген. Әр өңір жеңімпаздары ақтық сында өз өнерлерін көрсетеді. Ұлытау облысы да 3 жылдан бері сайысқа белсенді түрде қатысуда. Биыл да әр аудан, қалада іріктеу өтіп, үлгілі 5 отбасы облысттық кезеңде бақ сынады.
Дархан Мұқан, Ұлытау облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы:
«Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты - отбасы құндылығын дәріптеу. Біздің аймақ белсенді түрде қатысуда. Бұған дейін облысымыздан Оспановтар, Әйтеновтар әулеті сынды еңбек династиялары республикалық кезеңдеріне қатысқан болатын.
Ал биыл облыс намысын Қыдырпатшаевтар отбасы қорғайды. Ертеден елдің алғысын алып, еселі еңбегімен көзге түсіп келе жатқан әулет мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті жалғастырып отыр. 9 бала өсіріп, бүгінде 47 немере, 35 шөбере тәрбиелеуде.
Оразанбай Қыдырпатшаев, жарыс жеңімпазы:
«Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан барлық отбасы озаттарын құттықтаймын. Бүгін көңіл күй өте жақсы. Балалар өзі «Мерейлі отбасы» марапатын ақтайтын, өз еліне, отанына қызмет ететін азаматтар болсын.
10 жыл бойы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауына осы аралықта 20 мыңнан аса жанұя қатысқан. Адами құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын қалыптастыруды көздеген шара ұлттың ұйысуына негіз болып келеді.
Жандос Бақытұлы