Қызылорда облысының Қазалы ауданы «Таза Қазақстан» акциясын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының Қазалы ауданы «Таза Қазақстан» акциясын қолдайды

14.08.2024

Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы халық арасында үлкен қолдау табуда. Қазалы ауданында кәсіпкерлер игі істі дәріптеп, қоқыс жинағандарға балмұздақ үлестірді. Тазалық шарасына елді мекеннің тұрғындары жұмыла қатысып, бір жағы балалар қуанышқа бөленді.

Аудан орталығында ұйымдастырылған сенбілікке үлкен-кішісі қалмай құрал-сайманын сайлап шықты. Туған жерді аялап, айналаны таза ұстауға үндейтін бастамаға әсіресе оқушылар белсенді атсалысты. Балалар аулалар мен көше бойындағы қоқыстарды жинаудан жарысып, тегін балмұздақ пен тәттілерге қарық болды.

Айару Жақсылық, оқушы:

Біз өзіміздің елімізді, жерімізді таза ұстауымыз керек. Сондықтан әр жерге қоқыстарды тастай бермей, өзінің орнына тастау керек. Бір жағынан тәттілер аламыз, бір жағынан ағайлар тәрбиеге үйретіп жатыр.

Тазалық табалдырықтан басталады, - дейді Кемалбай Көпжасаров. Немересімен бірге үйінің төңірегін үнемі тазалап, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген азамат өскелең ұрпақты еңбекке баулып, тазалыққа үйрету үлкендердің басты міндеті деп санайды. Оны көрген көрші-қолаң да жан-жағын жиыстырып, айналасын таза ұстайды.

Кемалбай Көпжасаров, Әйтеке би кентінің тұрғыны:

Тазалық табалдырықтан, үйіңнің қасынан басталады. Сондықтан біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз, барлық елді тазалыққа шақырамын. Тазалық өзіміз үшін, ұрпағымыз үшін қажет.

«Таза Қазақстан» эконауқаны басталғалы бірнеше айдың жүзі болды. Игі жоба аясында ауыл-аймақтағы күтімсіз қалған саябақтар мен демалыс орындары қайта жаңғырып, абаттандырылып жатыр. Көпшілік те тазалық мәдениетін қалыптастыруға бет бұрып келеді. Алдағы уақытта жергілікті билік тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта кәдеге жарату жобасын әзірлеп жатыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу