Жетісу облысында қант қызылшасын жаңа технологиямен өсіре бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында қант қызылшасын жаңа технологиямен өсіре бастады

09.08.2024

Жетісу облысында қант қызылшасын өсіруде тың технологиялар қолға алынып, гектарынан 100 тоннаға дейін өнім алатын алқап пайда болды. Алакөл ауданында 300 гектарға жуық жерге тамшылатып суару әдісімен тәтті түбір өсіріліп жатыр. Қазірдің өзінде шығымы жаман емес деген шаруалар келесі жылы мұндай алқапты мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлауда. Егер осы қарқынмен жұмыс жалғаса берсе, ауданға қант өндіретін зауыт қажет болады.

Былтыр ғана осы жер ми дала жайылым болатын. Ал биыл қант қызылшасы ерекше жайқалып өсіп тұр. Жаңа технологияны енгізгеннің арқасында 275 гектар алқапта небәрі 4 адам жұмыс істейді. Ал суармалы алқаптағы қант қызылшасына қарағанда, су сегіз есе үнемделеді. Жетпістен асқан шаруа Болат Сейірбаев өзі ғана емес, өзгені де осы әдіске көшіргісі келеді. Тұтас бір аудан бір қант зауыты өндіретін өнім өсіре алатынына сенімі мол. Ең бастысы Үкіметтен қолдау болу керек.

Болат Сейірбаев, серіктестік директоры:

100-120 мың тонна қызылша алады бұйырса. Қалған крестьяндар, 31 гектарды ұстап отырған шаруалар ең болмағанда 50-60 мың, 160-170 мың қызылша өндіретін болса, біздің Алакөл ауданына қант зауыты міндетті түрде керек. Енді осыған жұмыс жасауымыз керек.

Шаруашылық бұл алқапты игеру үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсады. Бір бөлігі өз қаражаты, бір бөлігі қытайлық серіктестер инвестициясы. Электр қуаты тартылып, тереңдігі 140-160 метр ұңғымалар қазылды. Су шығарылды. Жұмыс пен шығын нәтиже берсе, ауданда және облыстағы өзге де шаруалар осы технологияға ауысады.

Манатбек Рысбеков, Алакөл аудандық ауылшаруашылығы және жер бөлімінің басшысы:

Биылғы диқандардың, бұрынғы өзіміздің технология бойынша сеуіп жатқан диқандарымыздың өзі күтіп отырған өніміміз жақсы. Себебі әрбір гектарынан біз 400 центнерден деп жоспарлағанбыз. Көңілге қонымдысы біз 400-ден асатын түріміз бар.

Биыл облыс бойынша тәтті түбір 12 мың гектардай алқапқа себілді. 500 мың тоннадай өнім алу көзделген. Алынған өнімді өңірдегі екі қант зауыты өңдейтін болады.


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу