Жамбыл облысында диқандар қант қызылшасын жинауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында диқандар қант қызылшасын жинауда

03.11.2017

Жамбыл облысында қант қызылшасын жинай бастады. Биыл өңірде  9500 гектар жерге тәтті түбір егілді. Оның басым көпшілігі Меркі, Шу, Тұрар Рысқұлов және Қордай аудандарына тиесілі. Алғаш болып Меркі ауданының шаруалары қант қызылшасын жинауға кірісіп кетті.

Қазір дала диқандары өнімді уақытылы жинап алу үшін тынбай еңбек етуде. Жұмыс қауырт. Биыл Меркі ауданында 2000 гектардан астам жерге қант қызылшасы егілді.  Диқандар мол өнім жинаймыз деп үмітті. Ол үшін мемлекеттен қаржы бөлініп, шаруаларға Франциядан әкелінген «Авантаж» тұқымы берілді.

Мәден Мұсаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда өнім мол болайын деп тұр. Қызылшаның сапасы да жоғары. Бүгін басталған қант қызылшасын қазу науқаны енді облыс көлемінде жалғасын табады.

Кезінде тәтті түбірді өндіруде рекордтық деңгейге қол жеткізген өңір енді сол көрсеткішті екі есе арттырмақ. Мәселен, Меркідегі серіктестік  200 гектар жерге қызылша егіп, одан гектарына 800 - 850 центнерден өнім алуда. Тіпті, кейбірінің салмағы 11 келіден асады. Диқандар бір күнде 100 тоннаға жуық қант қызылшасын өткізіп үлгерді.

Қанат Шайхиев, серіктестік төрағасы:

- Сапасы мен қанттылығы өте жоғары. Биыл қызылшаны қолмен емес, арнайы техникамен жинадық. Мұның да біз үшін пайдасы жоғары. Мәселен, менің қолымдағы мына қызылша 10 келі тартады. Ауа райы қолайлы болса, қант қызылшасын жинау науқанын арттыра түсеміз.

Өнімді өткізу жағынан  шаруалар  еш қиналмайды. Себебі, «Меркі қант зауыты» барлық өнімді алуға әзір. Зауыт тәулігіне 3000 тонна қант қызылшасын өңдеп шығаруға қауқарлы. 

Нұржан Қарғабаев, қант зауытының директоры:

- Мұнда 2016 жылдан бері жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір бізде бәрі автоматтандырылған. Шаруалардан мемлекет белгілеп берген бағаға сай қабылдаймыз.

Қазір ауа райы шаруаға қолайлы болып тұр. Күн ашық болса облыс диқандары бірнеше күнде жиын-терімді аяқтайды.     

Хабарламаларға жазылу