Талдықорғанда «Жасыл ел» жасағы шаһардың орталығын жинауға шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда «Жасыл ел» жасағы шаһардың орталығын жинауға шықты

08.08.2024

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Талдықорғанда «Жасыл ел» жасағы шаһардың орталығын жинауға шықты. 100-ге жуық ерікті халық ең көп жүретін көшелер мен сауда орталықтарының маңын тазартты. Жалпы акция басталғалы Жетісу облысында 7 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 22 мың шақырым арық желісі тазартылды.

10-шы сынып бітірген Әлихан Батырхан жазғы демалысқа шыға салып, «Жасыл ел» жасағына қосылды. Бір жағынан табыс тауып отбасына көмектессе, екінші жағынан қаланы көгалдандыруға, таза сақтауға үлесін қосып келеді.

Әлихан Батырхан, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі:

Өзің таза қалада, таза ауамен демалып жүргенге ештеңе жетпейді. Әрине бұл шашылған менің қоқысым емес, мен тастаған жоқпын. Алайда бұл менің қалам, менің елім.

Жалпы Жетісу облысында алдағы халықаралық жастар күніне орай онкүндік жарияланған. Өңір жастары бір күнін Таза Қазақстан акциясына арнап, облыс орталығындағы арбат аталып кеткен көшені шолып, жинап шықты.

Еркебұлан Жақан, Жетісу жастары орталығының жетекшісі:

Бізде бұл жерде базар орналасқаннан кейін сауданың қоқыстары, пластиктер. Сондықтан да соны бір тазалап өтуге, оған енді Талдықорған қаласы емес, осы жанымыздағы аудандар, Ескелді, Қаратал, Көксу деген сияқты. Одан кейін Текелі қаласынан «Жасыл ел» сарбаздары келіп, жұмылдырылып жатыр. Осы қаламыздың орталығының тазалығына септігін тигізуге жасыл ел сарбаздары ат салысып жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясы өңірде қоқыс жинаумен шектелмейді. Облыс бойынша 30 мыңға жуық көшет отырғызылды.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу