Су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан астам отбасыға баспана берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан астам отбасыға баспана берілді

08.08.2024

Су тасқынынан зардап шеккен 5 мыңнан астам отбасыға баспана берілді. Ақпарат Үкіметтің сайтында жарияланды. Ақпаратқа сай төрт жарым мың отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Су басқан аймақтарда 2500 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. 470 нысан бойынша жұмыстар толық аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алған. 34 мыңнан аса отбасыға біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ қазір тұрмысқа қажетті заттарды сатып алуға 150 АЕК дейін қосымша төлемдер беріліп жатыр. Осы уақытқа дейін бұл көмек 21 мыңнан астам отбасыға көрсетілген.

Сондай-ақ өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге шағын және орта бизнес субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Хабарламаларға жазылу