Мәйіттік донорға қатысты заң тағы қаралуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәйіттік донорға қатысты заң тағы қаралуы мүмкін

06.08.2024

Сала мамандарының айтуынша, елімізде трансплантация саласы тұралап қалған. Мыңдаған науқас күту парағында тұрғанымен, жылына саусақпен санарлық қана ота жасалады. Дегенмен де қазір мәйіттік донорлыққа өз келісімін беріп, туыстары да рұқсатын беріп жатады. Ақмола облысында 44 жастағы әйел инсульт алып, 5 адамның өмірін құтқарды. Бүйрегі 15 жастағы қыз балаға ауыстырылған еді. Бүгінде жасөспірім құлан таза айығып, ауруханадан үйіне шықты.

Анасының айтуынша қызының 3 айлығынан бастап бүйрегінде кінәрат бар. Соңғы 3 жылда жағдай тіпті қиындап, тек аппаратпен, арнайы дәрі-дәрмекпен амалдап келген. Биыл маусым айында бүйрегі мәйіттік донордың ағзасымен алмастырылған. Дертінен айыққан баласын көрген ана өзгеге өмір сыйлаған марқұмның жақындарына көңіл айтып, алғыс білдірді.

Гүлжан Толыбаева, реципиенттің анасы:

Менің қызымды таңдағанда қатты қуанып, жылап, өз-өзімді ұстай алмай, сондай қатты қуандық. Сене алмадық. Өзім Egov сайтына кіріп келісімімді  бердім және туыстарыма, айналамдағы кісілерге насихаттап жүремін. Себебі біз сияқты науқас балалар өте көп. Туыстары рұқсат берсе, қаншама адамды сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Гүлжанның қызына инсульт алып, 44 жаста көз жұмған әйелдің бүйрегі салынды. Марқұмның ағзалары 5 адамды ажалдан құтқарды. 4 ересек, 1 балаға ота жасалған. Дәрігердің айтуынша, көз жұмған жандардың бәрі бірдей мәйіттік донор бола алмайды. Тек инсульттан қайтыс болғанда ғана донор ретінде қарастыруға болады.

Салтанат Рахымжанова, «UMC» корпоративтік қоры нефрология және диализ бағдарламасының жетекшісі:

Әр күні қайтатын науқастар көп. Егер сол 40 стационардан 1 науқас келісім берсе, күнде 40 трансплантация жасауға болар еді.

Бүгінде ел бойынша донорды күту парағында 4112 пациент бар. Жылына 300-ге жуық науқас донор таппай көз жұмады. Трансплантация орталығының дерегінше, Egov порталы арқылы тек 6 мыңнан астам адам мәйіттік донор болуға келісімін берген. Алайда оның бәрі дүниеден озса, донор бола бермейді. Өйткені қолданыстағы заң бойынша туыстарынан рұқсат алу керек. Ал жақындары мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы дейді.

Қайрат Иманбаев, транспланттауды үйлестіру орталығының бөлім басшысы:

Бүгінгі таңда Egov порталда 106 мың халық пікір білдірген. Оның 99 пайызы қарсы болған. 6 мыңнан астам адам келісімін беріп жатыр. Қарсы болып жатқан кісілердің арасында былай қарасақ бүгін былай, ертең басқаша ойлайды. Жеткізу, түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Дін жағы болса да, дін бізге қарсы болып жатқан жоқ.

Еске салсақ өткен жылы «Көзі тірісінде өз келісімін берген адамның ағзасын туыстарынан сұрамай, науқасқа ауыстыру» туралы мәселе көтерілген. Алайда бұған қатысты дау шығып, мәселе аяқсыз қалды. Десе де мамандар мәйіттік донорлықты заңмен шешу жолдарын тағы қарастырмақшы.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу