Қызылорда облысында балалар биометриялық тексеруден өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында балалар биометриялық тексеруден өтеді

03.08.2024

Қызылорда облысында өнер және спорт үйірмелеріне келетін балалар енді «Face ID» тексеруінен өтеді. Алайда ата-аналар мен ұстаздар бұл жаңашылдыққа қарсы. Олар балаларының биометриялық дерегі келешекте интернет желісі арқылы арам пиғылдылардың қолына түспесіне кепіл жоқ деп отыр. 

Бүгінде «АРТ спорт» жобасы аясында облыста 37 мың бала өнер мен спортты жанына серік етіп жүр. Қазір қаланың әр мөлтек ауданында мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік үйірмелер жұмыс істейді. Бірақ, жаңадан енгізіліп жатқан «Face ID» талабына ата-аналар сенімсіздік білдірсе, тәлім беретін ұстаздар «жұмысымызға кедергі келтіреді»,-дейді.

Жібек Досжанова, қала тұрғыны:

Күнделікті суретке түсіру керек дегенге мысалы мен өз басым қарсымын. Ол жақсы нәрсе емес қой. Теледидардан айтып жатады. Суретке ата-ананың рұқсатынсыз түсіруге болмайды деп. Бұл қайдан шыққан нәрсе.

Ақмарал Айғабыл, сурет үйірмесінің жетекшісі:

Маған күнделікті 50-60 баладай келеді. Суретке түсіріп, базаға салып отырамын ба, әлде сурет салуды үйретемін бе? Және ол жерде база дұрыс жұмыс жасамайды. Себебі, қатып жатады.

Ал тәуелсіз сарапшы үйірмеге келетін балалардың биометриялық дерегін сертификатталған құрылғымен емес ұялы телефон арқылы жүзеге асыру заң талаптарына қайшы деп отыр. Және жеке орталықтарға бақылау жүргізудің өзге де тетіктерін қарастыруды ұсынды.

Ләззат Бақтыбаева, Республикалық «Әділдік Жолы» ҚБ облыстағы өкілі:

Биометриялық деректерді жинау мәселесі бұл артықшылық болып табылады. Не себепті? Өйткені әрбір орталықта 30 күндік архивті сақтайтын бейнебақылау бар. Егер де, тапсырыс беруші оны бақылаймын десе оның тетіктері сол ережемен көзделген.

Серік Жұматов, Облыстық мәдениет және архивтер, құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

Баланы бір рет сақтайды серверде. Дәл сол күйінде бала сақталып қалады. Ол ешқандай сыртқа шықпайды да, ол жерден сандық кодтан баланың нақты бейнесін, жалпы ол туралы мәліметтерді алу мүмкін емес.

Әзірге, арт спорт үйірмелеріндегі балалардың биометриялық дерегі қандай платформада сақталатыны белгісіз. Оған да мемлекеттен тиісті қаржы қаралып, жүйені жүзеге асыратын компания конкурс негізінде анықталады.

Әділбек Серкұлы

Хабарламаларға жазылу