Талдықорғанда «Тәуелсіз жастар алаңы» атты республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда «Тәуелсіз жастар алаңы» атты республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды

03.08.2024

Бүгін облыс орталығында «Тәуелсіз жастар алаңы» атты республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылып, еліміздің әр аймағынан келген жастар шешендік өнерін ортаға салды. 

Еліміздің әр облысы мен ірі қалаларынан пікірсайыс турниріне 50-ге жуық спикер келді. Америкалық формат түрінде өткен сөз сайысына бәрі де тас түйін дайындалған. 8 тақырып, орамды ойталқы, еркін пікір алмасу. Жастар қоғамда белең алған лудомания, нашақорлық, жемқорлық, алаяқтық сынды дерттен арылудың жолдарын қарастырды.

Бинұр Ахатқызы, сайысқа қатысушы:

Болашақта әділетті Қазақстанның патриотты жастарын, өзіндік ойларын, сыни ойларын критикалық ойлары дамыған, көкжиегі биік, шынайы ұлтын сүйетін, жанын сүйетін Міржақып Дулаттар қалаған азамат пен азаматшалар тәрбиелейтін өте үлкен құрал деп ойлаймын.

Пікірсайыс турнирлері жастардың ойын ашық жеткізуге, қай тілде болмасын сөздік қорын молайтуға септігін тигізеді. Осындай дебаттық клубтар демократиялық жолға түскен көптеген мемлекеттерде көрініс алған. 

Нұрсұлтан Нұрсипат, сайысқа қатысушы: 

Демократиялық дамыған мемлекеттердің кез-келгеніне қарайтын болсаңыздар, тіпті президентіне дейін пікірсайыс ойнайды. Яғни президенттік выборларда, кез келген губернаторлық выборларда пікірсайыс арқылы халықтың алдында. Қазіргі таңда пікірсайыс ойнап жатқан жастардың барлығы кез келген саяси орталарда өзінің толық қанды ойын айта алады.     

Жалпы 2000-шы жылдардың басында бастау алған бұл жоба қазір Жетісу өңірінде саяси ұстанымы айқын азаматтардың қалыптасуына септігін тигізді.

Ілияс Түстікбаев, Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Біздің облысымыздан осы пікір сайыспен айналысып, жоғары жетістікке жеткен азаматтар аз емес. Оның бірі бізде Болат Керімбек. Қазіргі таңда мәжіліс депутаты. Жетісу облысының пікірсайысының жарқын бір түлегі деп айтсақ болады

Турнирге қатысқан әр команда олжалы қайтады. Ал жеңімпазға 500 мың теңгенің сертификаты табысталады. 


Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу