160 мың Қазақстан азаматы Шенген визасын алуға өтініш берген. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Мұны елімізге ресми сапармен келген Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррель айтты.
Жозеп Боррель, Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еурокомиссияның вице-президенті:
Қазақстандағы Шенген консулдығы визалық өтініштердің рекордтық санын өңдеді – 160 мың. Бұл біздің қарым-қатынастың серпінді динамикалық дамуының көрсеткіші.
Жозеп Боррель мен Премьер-министрідің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өзара кездесу кезінде қазақстандықтар үшін Еуроодақ елдеріне визалық режимді жеңілдету жайын көтерді.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:
Жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – Қазақстан азаматтары үшін Еуроодақтың визалық режимін жеңілдету. Доктор Жозеп Боррелльмен осы түйінді шаруаның оң шешімін жуық арада табу мақсатында күш-жігер жұмылдыруға уағдаластық.
Мұрат Нұртілеу бүгінде Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасында өзара сенім, сыйластық пен ортақ басымдықтарға негізделген берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Айта кетейік биыл 5 айдың ішінде сауда айналымы 20,2 млрд долларға жеткен.
Динара Жарқынбек