Түркияда иесіз иттерге қатысты жаңа заң қабылдануға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда иесіз иттерге қатысты жаңа заң қабылдануға жақын

26.07.2024

Түркияда миллиондаған қаңғыбас иттің санын шектеу туралы заң қабылдануға жақын. Бұл құжат қоғамда үлкен дауға себеп. Оның қарсыластарының ойынша, жаңа ереже мақұлданса, иттерді жаппай қыруға жол ашылады. Ал үкіметтің пікірі мүлде басқа. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Түркия қаңғыбас иттерді азайту үшін арнайы құжат әзірледі. Заң жобасы Парламентте қызу дебатқа себепші. Ресми дерек бойынша, елде иесіз ит саны 4 млн-ға жеткен. «Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, депутаттар даулы ережені қабылдауға жақын. Бұл жобаға сәйкес, мұндай иттерді жинап, бір жерге қамап, 30 күн ішінде ешкім асырап алмаса, эвтаназия тәсілімен жою керек.
Нілгүл Сайяр, қоғам белсендісі:
Олар иттерді көшеден жинаймыз, отыз күн асырап алушыны күтеміз дейді. Бірақ олардың барлығын қамауға мүмкіндік жоқ.
Ал үкіметтің мәлімдеуінше, Түркияда соңғы бес жылда жүргізушілер иттерді қағып өтпейін деп, өздері үш жарым мың мәрте апатқа ұшыраған. Және де сол жол-көлік оқиғаларынан 55 адам қаза тауыпты. Мемлекеттік ақпарат құралдарының дерегінше, сондықтан, халықтың 83 пайызы қаңғыбас иттерді проблема деп атаған. Оның үстіне, былтыр желтоқсанда Анкарада 10-жасар бала қатты таланып, ауруханаға түсті.

Президент Реджеп Тайып Ердоғанның сөзінше, жаңа заң – иесі жоқ иттерді ең алдымен қамқорлыққа алуға, содан кейін ғана оларға байланысты өзге шара қолдануды көздейді.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
 Біз орталықтарға қамалған иттерді біреулер асырап алғанын қалаймыз. Бұл мақсат орындалып жатса, біздің ойымызша, оларға қатысты өзге шара қолданудың қажет болмайды.
Бірақ жануарлар жанашырларының пікірінше, жаңа ереже қабылданса, кейбір әкімшіліктер иттерді жаппай қырудың оңай тәсілін таңдауы мүмкін. Айта кетсек 1910 жылы Станбұл маңындағы аралға 80 мың ит апарылды. Олар ашығып, шөлдеп, бір-бірін талап өлтірген.
Ахмет Кемал Сенполат, Жануарлар құқығын қорғау федерациясының төрағасы:
 Біз де иттердің популяциясы азайғанын қалаймыз. Бірақ олардың санын кеміту үшін адами тәсіл қолданылуы керек.
Түркияның қолданыстағы заңына сәйкес, иттер ұсталып, кастрацияланып, табылған жеріне қайтарылуы керек. Бірақ бұл талаптың орындалмауы елде иттер санының мейлінше көбеюіне әкеліп соққан.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу