Бұралқы иттер неге азаймай тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұралқы иттер неге азаймай тұр?

06.04.2023

Бұралқы иттерге былтыр қазынадан 1 млрд 485 млн теңге бөлінген. Қосымша жергілікті бюджеттен де қаражат қаралған еді. Соған қарамастан иттердің мәселесі шешілер емес. Мұны күні кеше депутаттар Мәжіліс қабырғасында да депутаттар көтерген еді. Олар иттерге араша болып отырған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасына жетілдіруді қажет деп санайды. Өйткені бір ғана Атырау облысында соңғы бір жарым айдың өзінде 32 ит қабу дерегі тіркелген.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Саламат Қайыповты осыдан 2 ай бұрын ит қапқан. Бұралқы ит үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, бас салғанын әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады.

Саламат Қайыпов, Ақтау қаласының тұрғыны:

Ит маған келіп асылды. Асылды да, қолымды тістеп алды. Одан алдын мына қолымды тістеп, сразу жазып жіберді одан. 03:00 Қолымды тартсам, ол ары тартады. Қолымды қатты тістегенсін, жаздыра алмадым. Үйге кірсем, мына қолымдағы тістеген жерлерде 3-4 жерде қан атқылап тұрды.

Бұралқы иттердің ел мазасын алып жүргеніне біраз болды. Былтыр Ақтөбеде бір үйір ашыққан төрт аяқтылар 12 жастағы баланы құрылыс алаңында талап өлтірді. Одан бір ай бұрын мектептен үйіне қайтып бара жатқан тағы бір ақтөбелік оқушыға 15 ит қатар шабуылдады. Алматы облысында 7 жасар бүлдіршінді алабай ит талап, балақайдың беті мен денесінің терісін сыпырып тастады. Ал ит тістеп алған түркістандық бүлдіршін бір жылдан соң құтыру ауруынан көз жұмды. Жақында ғана Атырауда 8 жастағы баланы ит талады. Облыста соңғы бір жарым айдың өзінде дәл осындай 32 жағдай тіркелген.

Ал иесіз иттердің көзін құртуға «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң кедергі. Оған сәйкес, оларға атуға тыйым салынған. Керісінше, қаңғып жүрген жерінен ұстап әкеп, бағу көзделген.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұл - қаладағы иесіз қалған иттерге арналған жалғыз мемлекеттік паналау орталығы. Мұнда күнделікті Астананың көшесінде қаңғып жүрген 20 шақты итті жинап әкеледі. Арасында қабаған иттер де бар.

Орталықта 2500-ге жуық бұралқы ит бар. Оларды жуындырып, тазалап, екпе салып иесі табылғанша қадағалайды екен.

Ерлан Зікібаев, «Астана Ветсервис» орталығы жануарларға арналған паналау орнының басшысы:

Кейде көбейеді. Кейде азаяды. Жылдың мезгіліне де байланысты ғой. Қабаған ит болса, мысалы бізге өтініш түскенде біз оларды алып келеміз да осында 10 күн ештеңе істемейміз. 10 күн ұстап қадағалаймыз.

Мұнан соң басқа орталыққа жөнелтеді екен. Бірақ ол жақта не істейтін білмеймін дейді. Жалпы еліміз бойынша бұралқы иттерді дәл осылай күтіп-баптау үшін қазынадан қыруар қаражат бөлінген. Алайда, уәде етілген оқшаулау орталықтар мен вакцинация толық жүргізілмей жатыр дейді депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Екпеден итке ес кірді дегенді естімеп едік, демек бұл нәтижесіз әрекет емес пе?! Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын Заң адамдарды неге қорғамайды деп сұрағымыз келеді?

Бұған дейін әкімдіктегілер жабайы итке қару қолданып келді. Жануарларды аяусыз өлтіру жағдайлары да тіркелген. Оққа ұшқан «Персик» атты иттің иесін Бердібек Сапарбаевтың өзі басу айтып, жұбатқан кезі де болды.

Шаш ал десе, бас аласыңдар. Сендерге ешкім айтқан жоқ қой, бәрін атыңдар, қырыңдар деп.

Ал жаңа заңды қайта өзгерту - жұмысқа енді кіріскен мәжілісмендердің бастамасы. Олар адам өмірі бәрінен қымбат дейді. Министрлік болса мәселе оқ атумен шешілмейтінін, иттің иелері де жауапкершілік алып, жануарларды қараусыз қалдырмауға ұмтылуы қажет деп отыр.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу