Креативті индустрияны цифрландыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Креативті индустрияны цифрландыру қажет

25.07.2024

Елімізде креативті индустрияны дамыту үшін авторлық құқық жүйесін цифрландыру керек. Алматыда шығармашылық сала мамандары осы мәселені талқылады. Егер Қазақстанда блокчейнге негізделген зияткерлік меншік иелерінің тізілімі пайда болса, тың туындылардың авторларына әділ сыйақы алуларына ықпал етеді деп күтілеуде.

Креативті индустрияны көлеңкелі экономикадан шығарудың бірден-бір тәсілі – жүйені сандық форматқа түбегейлі көшіру. Осылай деген шығармашылық топ соңғы уақытта авторлар мен олардың мұрагерлеріне аударылып жатқан төлемақы сомасы мардымсыз екенін айтады.

Мәселен қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туындылары – «Қазақстан Авторлар қоғамының» меншігінде. Композитордың теле-радиомен қоса, ойын-сауық орындарында орындалған әрбір шығармасы үшін қаражат дәл осы мекемеге түседі. Ал заң бойынша автор немесе оның мұрагерлері түскен сомманың 70 пайызын алуы қажет.

Ботагөз Қалдаяқова, «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Жыл басында бір рет 18 мың, одан кейін 22 мың, соңғы рет 90 мың теңге төлемақы алдық. Шәмші атамыздың әндері өміршең екенін ескерсек, меніңше «Қазақстан Авторлар қоғамынан» кем дегенде бір концертті өткізуге сай сома төленуі керек. Бұл шамамен 20 миллион теңге. Қаражаттың қайдан, қанша түсіп жатқанын нақты бақылау үшін цифрлық платформа қажет.

Ерболат Беделхан, музыкант:

Қазақтың өнімі ғой бұл музыка деген, ал біз өнім ретінде санамаймыз, әлі күнге дейін сана-сезіміміз өскен жоқ. Өнімді қайтіп шығарамыз, қалай дистрибуция жасаймыз ішкі нарықта? Ең соңында стрим пайда болады, яғни, музыка сататын дүкеніміз.

Креативті индустияны дамытуға музыканттардан бөлек сәулетшілер мен суретшілер, дизайнер, қолөнершілер мен фотографтардың да үлесі зор. Әрбір меншік құқық иесінің талап - тілегін қанағаттандыру үшін арнайы ХАБ құру көзделген.

Дина Әбдрахмет, «Шығармашылық бастамалар және мәдени мұра» қоғамдық қорының құрылтайшысы:

Қор әкімдікпен бірлесе отырып, «креативті инновациялық білім беру» орталығын құруды көздеп отыр. Хабта бір терезе қағидасы бойынша цифрлық платформа жұмыс істейді. Онда бизнес, мемлекет, креативті кәсіп иесіне қандай өнімнің тіркелгені, оған деген сұраныстың қаншалықты екені ашық көрініп тұрады. Яғни шығармашылық тұлғалар қазіргідей соттан сотқа жүгінбейді.

Авторлық құқық мәселесі дауға айналған соң Сенат депутаттары жаңа заң жобасын дайындап Мәжіліске ұсынды. Егер мақұлданса, меншік құқық иесіне төлемақысы бойынша өзгерістер енгізілмек. Ал былтырдан бері креативті индустриядағы 40 түрлі бағыт бойынша салықтық жеңілдік жасалған соң, 42 900 шығармашылық тұлға кәсіп иесі ретінде тіркелген.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу