Жыл сайын әлемде 250 мың адам суға кетіп, қайтыс болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл сайын әлемде 250 мың адам суға кетіп, қайтыс болады

25.07.2024

БҰҰ ресми мәліметіне сай жыл сайын әлемде 250 мыңдай адам суға кетіп қайтыс болады. Яғни түрлі жазатайым оқиғалардың ішінде суға кету өте көп кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамай, алдын алу маңызды дейді мамандар. Суға кету оқиғаларын азайту үшін әлем елдері қандай шаралар қолданады. 

Айдос Әшімұлы, тілші:

Құтқарушылар қайғылы оқиғалардың көбі қауіпсіздік шарттарын сақтамағаннан және белгіленбеген жерде суға түсуден болатынын айтады. Сондай-ақ кей жерлерде теңіз түбінде қатты ағыстар болады. Беті тып тыныш болып жатқан теңіздің астындағы қатты ағыс жақсы жүзе алатын адамдардың өзін ағызып әкетуі Түркияда жиі кездеседі. Сондықтан мамандар білмейтін жерде суға түспеуге және құтқарушылардың ескертуіне құлақ асуға шақырады.

Түркияда жыл сайын мыңға жуық адам суға кетеді. Мамандар қазір жүзу мен судан құтқару сабақтарын мектептерге енгізу мәселесін көтеріп жүр. Себебі суға кетіп қайтыс болатындардың көбі балалар.

Еркан Алпер, Құтқару курстарының оқытушысы:

Біз жыл сайын жаз айларында балаларға жүзу мен судан құтқару дәрістерін беріп келеміз. Біздің тегін курстарға өткен жылы 17 мың оқушы қатысты. Биыл жыл соңына дейін 25 мың балаға жүзу мен алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретпекпіз. Бұдан бөлек ата-аналарға да арнайы сабақтар өтеміз.

Ұлыбританиядағы құтқарушылар да оқу ағарту мәселесіне аса мән береді. Әлеуметтік желілерде бейне роликтер жариялап, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді. Мәселен су жағасындағы арнайы құтқару жәшіктеріндегі апаттық қапшықты суға батып бара жатқан адамға лақтырып, өлім аузынан алып қалуға болады дейді бейнеролик авторлары.

Доун Уиттакер, құтқару қызметінің бөлім басшысы:

Жыл сайын Ұлыбританияда 400-дей адам жазатайым оқиғалардан қайтыс болады. Олардың арасында тілсіз жаудың құрбандары да көп. Көпшілігі жастар және мектеп жасындағы балалар. Жүзе аламын деп ойлап, суға түсетіндерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіру - біздің басты мақсатымыз.

Ал жаз басталғалы Ресейде 1500-ге жуық адам суға кеткен. Әсіресе Мәскеу облысы, Красноярск мен Башқұрстанда жазатайым оқиғалар саны артқан. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарға жаза қатаңдатылмақ. Мәселен қазір белгіленбеген жерде суға түскендер бар болғаны 500 рубль, яғни 2600 теңге айыппұл ғана төлейді. Дегенмен тек айыппұлмен мәселе шешілмейді. Бейбіт күнде мыңдаған адамның тілсіз жаудың кесірінен ажал құшуын азайтуға тек құтқарушылар мен арнайы қызметтер ғана мүдделі болмай, әр адам жауапкершілікпен қараса қайғылы оқиғалар азаяры анық.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу