Жастар арасында қай салаға сұраныс жоғары? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар арасында қай салаға сұраныс жоғары?

23.07.2024

Мектеп бітірген түлектер үшін ертең мемлекеттік грантқа өтінім қабылдаудың соңғы күні. Министрліктің мәлімдеуінше биыл тізімге жаңадан енген мамандықтар бар. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Құжаттарды тапсырудың бірнеше жолы бар. Түлектер электронды үкімет порталы арқылы онлайн тапсырады немесе жергілікті ЖОО барып, қалаған оқу ордасын таңдап қабылдау комиссияларына өтінім береді. Биыл мемлекет тарапынан 95 мыңға жуық грант қарастырылған. Оның 78 мыңы – бакалавриат, 13000-ы - магистратура, 2900 – докторантураға бөлінеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі былтыр түлектердің ең көп таңдаған мамандықтарына шолу жасаған. Алғашқы орында шет тілі пәні. Әсіресе, ағылшын тіліне сұраныс артқан. Кейінгі орында медициналық мамандықтар тұр. Одан соң халықаралық қатынас пен ақпараттық технология. Сән және дизайн мамандығы мен архитектура да алғашқы тізімде тұр.

Бұл түлектердің таңдауы, ал нарыққа қандай маман қажет деген сауалға жауап берсек. Мәселен еңбек ресурстарын дамыту орталығының хабарлауынша, биыл мұғалімдер мен орта медициналық мамандықтары жоғары сұранысқа ие. Кейінгі орында тәрбиешілер, үйде күтім жасайтын медициналық қызметкерлер, есепшілер мен аспаздар тұр. Одан бөлек, ІТ, киберқауіпсіздік инженері, логистика, сату және маркетинг, мобилограф мамандықтарына да қызығушылық артқан.

Керісінше сұранысы төмен мамандықтар бар. Олар ветеринария, агроинженерия, су ресурстары салалары. Бір ескеретін жайт, мемлекет тарапынан бөлінетін гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталған. Олар инженер, құрылыс, ақпараттық коммуникациялық технологиялар, жаратылыстану, механика мамандықтары.

Тізімге жаңадан енген мамандықтар да бар. Биыл криптология деген жаңа сала қосылды. Оған түсу үшін түлектің информатика пәнін таңдауы маңызды. Бұл сала ақпараттық қауіпсіздік бағытын қамтиды. Сондай-ақ биыл көлік құрылысы мамандығы да тізімге енді. Аты айтып тұрғандай, маман болашақта көлік түрлері мен көлік инфрақұрылымында қызмет етеді.

Сондай-ақ биылдан бастап спорт мамандығы жеке сала болып енігізілді. Енді жоғары оқу орындарында спорт менеджерлері, спорт психологтары мен тренерлер даярланады. Еліміздегі 120 ЖОО орнында 640 мыңнан астам студент білім алады.

Түлектер ескеретін тағы бір жайт. Елімізде ең беделді шетелдік университеттердің 18 филиалы ашылды. Енді түлектер Қазақстанда жүріп-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея оқу орындарының дипломын ала бастайды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу