Оралда тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындарына тағы 10 жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Күні бүгінге шаһарда жалғыз үйі тұруға жарамсыз деп танылған 800-ге жуық отбасы баспаналы болды. Жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер демеушілер қаржысына сатып алынды. Айтқалиевтер отбасында 6 бала бар.
Салтанат Қуанышәлиева, көпбалалы ана, қала тұрғыны:
Біз 2-ші саяжайда тұрдық. 2,5 ай жатақханада жаттық. Бүгін шүкір кілтке қол жеткізіп жатырмыз. Бізді далада қалдырмаған Президентімізге, осындай үй салып беріп жатқан құрылысшыларға көп алғыс білдіреміз.
Ал баспаналы болған тұрғындардың саяжайдағы үйлері сүріліп жатыр. Қажет құрылыс материалын алуға 3 күн беріледі. Одан қалған қоқыс қалдығы ауыр техникаға тиеліп, полигонға тасымалданады. Ескі орын тегістеліп, орман шаруашылығына тапсырылады. Яғни жер мемлекетке қайтарылады.
Нұртілеу Шайдығалиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
Қаладағы 5 мердігер ұйым саяжайдағы үйлерді бұзу жұмысына кірісті. Тұрғын үй комиссиясының оң шешімін алған, яғни үй алған азаматтардың саяжайларын бұзуға арнайы тізім жасақталды. Қазір 629 үй тұр. Кезекпен бұзылады. Күні бүгінге 27 үй бұзылды.
Ардақ Мұратқызы