Атырауда 10 жастағы бала бассейнге батып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 10 жастағы бала бассейнге батып кетті

15.07.2024

Атырауда 10 жастағы қыз бала бассейнге батып кетіп, көз жұмды. Оқиға қаладағы «Мұнайшы» спорт кешенінде болған. Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, бірнеше адам тергеліп жатыр. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Оқиға дәл осы жерде кеше кешкісін 4-тер шамасында болған. 10 жастағы қыз ең алғашында балалар бассейінінде жүрген. Одан кейін әпкесінің қасына келіп дәл осы жерде екеуі жүзіп үйреніпті. Содан соң әпкесі басқа жаққа алаңдап кетіп, небәрі 10 секундта баладан көз жазып қалған.

Бассейннің тереңдігі 2,5 метрден 5,5 метрге дейін. Сол мезетте санаулы адам ғана суда жүзіп жүрген. Бірақ ешқайсы баланың батып кеткенін байқамаған. Бассейннің маңында жүрген нұсқаушы мамандар да бейқамдық танытып, аңғармады, -   дейді куәгер.

Ернұр Қойлиев, куәгер:

Суға батқанда суды жұтып қойған. Сонымен су жұтқан кезде бала шошығаннан жағы тырысқаннан, алғашқы көмек көрсетуде қиындық туындады. Сонымен медпункттерде алып келіп жедел жәрдемге тапсырдық.

Жедел жәрдем келіп, шұғыл көмек көрсеткенмен кеш еді. Дәрігерлер баланың көз жұмғанын анықтаған. Ал спорт кешенінің өкілдері болса, қауіпсіздік талаптарының ескерілгенін, сол сәтте мамандардың бәрінің жұмыс орнында болғанын алға тартады.

Құдайберген Мүліков, қауіпсіздік қызметінің маманы:

Спорт кешенінің бассейінінде 3 құтқарушы қызмет істейді. Олардың біреуі кіші бассейінде, ал екеуі үлкен бассейнді қадағалайды. Сонымен қатар 16 жаңа камера және 16 ескі камера жалпы 32 камера жұмыс істеп тұр.

Осы оқиғадан кейін бассейн уақытша жабылды. Қылмыстық іс қозғалып, спорт кешенінің 5 қызметкері тергеліп жатыр. Үш нұсқаушы маман мен медбике және осы мекеменің директорының орынбасарынан қазір жауап алынуда.

Мейірім Ердәулет, ПД баспасөз хатшысы:

Қылмыстық кодекстің 141-бабы 2 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу жұмыстары жүруде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.

Мамандардың мәліметінше спорт кешеніне ай сайын 7 мен 18 жас аралығындағы 1200 бала келіп жаттығады. Ажал құшқан 10 жасар қыз мұндағы бассейнге алғаш рет келген.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу