Бір аптадан кейін Олимпиада қалашығы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір аптадан кейін Олимпиада қалашығы ашылады

12.07.2024

Бір аптадан кейін Олимпиада қалашығы ашылады. Құрылысы 7 жылға созылған нысанның аумағы мен сыйымдылығы қандай? Спортшылар мен көрерменге арналған тағамда неліктен ет болмайды? Дүбірлі дода қарсаңындағы дайындық жұмыстары туралы Қаракөз Тұрмағанбет тарқатады.

Бұл - әлемнің 200-ден астам елінің 15 мыңға жуық спортшысы орналасатын Париж Олимпиадасы қалашығы. Жалпы көлемі 300 мың шаршы метрден асады. Жеті жыл ішінде мұнда 80-нен астам ғимарат бой көтерген.
Тони Эстанге, «Олимпиада-2024» ұйымдастыру комитетінің президенті:
Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін мұнда кәсіпорындар ашылады. Онда 6 мыңдай адам әрі жұмыс істеп, әрі осында жайлы өмір сүре алады. Бүге-шігесіне дейін бәрі алдын ала ойластырылған.
Бидайдан жасалған котлет, киноадан дайындалған салат және фалафель. Бұл төртжылдықтың басты додасына арнап әзірленетін тағамдардың бір парасы ғана. 500-ден астам рецептпен дайындалатын астың 60 пайызы мүлдем етсіз болады. Өсімдік тектес азық-түліктерге басымдық беріледі. Жалпы саны 13 млн-нан астам порция тағам әзірленеді деген болжам бар. Ал спорттық нысандар жайына тоқталсақ, жағажай волейболы жарысы Эйфель мұнарасының дәл түбінде өтеді.
Огюстен Нечад, Париждегі Марс алаңының директоры:
Жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Интернет пен байланыс кабельдерін жүргізу ғана қалды. Арнайы құмды да әкеліп төсеп қойдық. Марс алаңы - Париждегі ең әдемі орындардың бірі. Сондықтан да абыройға еш нұқсан келмеуі керек.
Бренд өкілдері үшін де бедел аса маңызды. Олимпиада нышанынан бастап әлемге әйгілі марка сөмкелеріне дейін түгел тексеріліп жатыр. Іздестіру және тәркілеу жұмыстарына жедел әрекет тобы, кеден, жандармерия қызметкерлері және жергілікті бренд өкілдері қатысады. Қала қонақтары сапасыз контрафакт бұйымдарын сатып алып, аузы күймеуі тиіс, - дейді Париждегі өндірушілер одағының басшысы.
Дельфин Сарфати-Собрейра, Unifab бас директоры:
Олимпиада қарсаңындағы жалған өнім сатушылармен күресті 1,5 жыл бұрын бастап кеттік. Олимпиада қалашығы орналасқан Сент-Уэн ауданындағы 10-нан астам дүкенде емін-еркін сатылып жатқан мыңдаған жалған тауардың көзі жойылды.
Дүбірлі доданы көру үшін Парижге жер-жаһаннан 15 млн-нан астам адам саяхаттап барады деген болжам бар. Шілденің 26-ында басталып, тамыздың 11-іне дейін жалғасатын байрақты бәсекеде қазақстандық 80 спортшы ел намысын қорғайды.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу