ҰБТ-ның қорытынды нәтижесі шықты. Елдің басым бөлігінде мемлекеттік емтихан 16 мамырда басталып 5 шілдеде аяқталған еді. Ал су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтті. Сонымен барлығы 181 мыңнан астам оқушы қатысқан білім бәйгесінің нәтижесі қандай, қай салаларға грант көп бөлінді? Серік Жұмабек тарқатады.
Биыл ел бойынша 181 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсырған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 мың балаға көп. Нәтиже де жаман емес. Оқушылардың 76 пайызы яғни 139 мыңға жуығы шекті балл жинаса, 716 талапкер 130-дан жоғары ұпай еншілеген. «Алтын белгіге» ие болған 7 мыңнан астам түлек бар.
Гүлзат Көбенова, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы:
Соңғы үш жылдың ішінде алғашқы рет 140 балл жинаған талапкер шықты. Бұл - Алматы облысы Талғар ауданы Қарабұлақ ауылының №22 орта мектебінің түлегі Жаннұр Еңсебек. 139 балды 2 тестіленуші Шығыс Қазақстан облысының түлегі Аяужан Мұратова мен Қызылорда облысының түлегі Нұрболат Жұбатқан жинады. Атап өтсек аталған үш талапкер ауыл мектептерінің түлегі болып табылады.
Жаннұр Еңсебек, талапкер:
Мен 27 маусым күні ҰБТ тапсырдым, 140 балл алдым. Маған келген нұсқа қиын болмады. Өзім оңай тапсырып шықтым.
Оқушылардың 75.16% қазақ тілінде, 24.74% орыс тілінде, қалған 0.1% ағылшын тілінде тест тапсырған.
Биыл бакалавриатқа 79 мыңға жуық грант бөлінген. Оның 60 пайызы шамамен 19344-і техникалық бағыттарға яғни «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына» тиесілі.
Гүлзат Көбенова, ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасы:
Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3903 грант бөлінген, оның ішінде 2024 жылы алғаш рет колледж түлектері үшін 400-ден астам грант қарастырылды.
Серік Жұмабек, тілші:
Атап айтарлығы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі ҰБТ-дан төмен балл жинаған талапкерлер қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы биылғы гранттың 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектеріне бөлінген.
Ертеңнен бастап 24 шілдеге дейін грантқа құжат қабылдау басталады. Құжатты Egov электронды үкімет порталы арқылы немесе ЖОО-ның қабылдау комиссиясына барып тапсыруға болады. Қорытынды нәтиже 10 тамызға дейін шығады. Ал оқуға түскен талапкерлер құжаттарын 25 тамызға дейін тапсыра алады.
Серік Жұмабек