Мәулен Әшімбаев Брикс парламенттік форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Брикс парламенттік форумына қатысты

11.07.2024

Санкт-Петербург қаласында оныншы Брикс парламенттік форумы басталды. Жиынға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Екі күнге жалғасатын жиында халықаралық қатынастар жүйесінің тиімділігін арттыру, көпжақты сауданы нығайту, жаһандық дағдарыстың салдарына қарсы тұру мәселесін шешудегі парламенттің рөлі талқыланды. Ендігі бағыт – цифрлық ынтымақтастықты нығайту. Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, электрондық коммерция саласындағы заңнаманы жетілдіру бағыттарында депутаттардың бірлесіп жұмыс істеуі өте маңызды. Сондай-ақ цифрлық бағытты реттеу секторында тәжірибе алмасу өзекті.

Форум жұмысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Бразилия, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, БАӘ, Ресей, Тәжікстан және Оңтүстік Африка Парламенттерінің өкілдері қатысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатаң дүниетаным стереотиптерін еңсеру және ашықтық пен сындарлы ынтымақтастық негіздерін нығайту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазақстан қауіпсіз және теңгерімді әлем құруға арналған тың тәсілдер ұсынатын Брикс сияқты маңызды халықаралық ұйымдармен серіктестікті одан әрі арттыруды белсенді түрде қолдайды. Бұл ұстаным Қазақстанның халықаралық және өңірлік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған саясатымен үндес.

Сенат төрағасы мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуда парламенттік дипломатияны барынша тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Орнықты даму бағытында парламентаралық диалог үшін арнайы платформа құруды ұсынды. Сондай-ақ  форум аясында Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Олий мәжілісі сенатының және Иран мәжілісінің төрағаларымен кездесіп ынтымақты нығайту мәселесін талқылады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу