Биыл елімізде тұңғыш рет ветеринар мамандардың кәсіби мерекесі аталып өтуде. Республикада қазір 20 мыңға жуық мал дәрігері еңбек етіп жүр. Дегенмен 500-ге жуық маман тапшы. 30-40 жыл бойы осы салада қалтықысыз қызмет етіп жүрген еңбек ерлері жайлы әріптесім Эльмира Кәленованың бейнематериалы.
Ғабит Мусин төрт түлік ауырса, тағат таппайды. Қарамағында 4 ауылдың малы бар. Бәріне дер кезінде екпе салып, шақыртуларға да барып үлгереді. Әсіресе, мал жайлауға шыққанда жұмысы көбейеді. Жаны сүйетін кәсіппен айналысқандықтан шаршап көрмегенін айтады.
Ғабит Мусин, ветеринар:
Адам айтады, қай жері ауырып тұрғанын көрсетеді. Мал ауырса, тауып алу керек, көзіне қарайсың. Емдегенде тәуір болып шықса, қуанасың. Өліп қалса, ренжисің. Өзім ветеринар мамандығын жақсы көрдім. Армандадым. Нағашы апам істеген, содан көріп-үйрендім.
Кейіпкеріміздің ветеринария саласында еңбек етіп келе жатқанына 35 жыл. Су тасқыны кезінде тәуліктеп жұмыс істеп, өз аумағындағы малдың барлығын аман алып қалған. Еңбегі еленіп, жуырда ел Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ал Рая Әйкенова Шығыс Қазақстан облысындағы ірі агрохолдингтің бірінде ветеринар болып жұмыс істейді. Мал дәрігері институттын бітіріп, диплом алған бойда осы салада табан аудармай 40 жыл еңбек етеді. Бірнеше жыл бұрын зейнетке шыққан. Алайда еңбектен әлі қол үзген жоқ. Кәсіби маман тәжірибесін енді жастарға үйретіп жүр.
Рая Әйкенова, ветеринар:
Далада суықта жұмыс жасаймыз. Сол үшін жастар келмей ме, білмеймін. Өзіме жұмысым өте қатты ұнайды. Істегім келеді. Жастар да келсін, мына жұмыстан қорқатын ештеме жоқ.
Қазақстанда ветеринарларды даярлайтын 10-нан астам жоғары оқу орны бар. Орта есеппен жылына 600 түлек диплом алады.
Марат Мұхтаров, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға реформа жүргізіледі. Қазіргі кезде жалақылары орта есеппен айтқана 270-350 мыңның арасында. Сонымен қатар «әлеуметтік пакет» дейміз. Әлеуметтік оны да жергілікті жердегі әкімдіктер жағдайын жасап отыр.
Елімізде аса қауіпті ауруларға диагностика жүргізетін ветеринариялық зертханалардың 15 пайызы жаңалауды талап етеді. Биыл бұл мақсатқа 4 млрд теңге қаржы бөлінді.
Эльмира Кәленова