Жаңатаста жауған жаңбыр темір жол қатынасын да тоқтатып қойды. Тау беткейінен аққан тасқынды су «Шарбақты – Жаңатас» бағытындағы шойын жолды шайып кеткен.
Салдарынан жүк пойыздарына арналған жолдың 171 шақырымында қозғалыс үзіліп, тепловоздарға бес сағатттай бөгелуге тура келді. Көлбеу ағын кесірінен жолдың 25 метрдей бөлігі бүлінген. Ылдидан аққан ағын арықтан асып, рельстердің астыңғы тас-шағалын ағызып әкеткен. Оқиға орнында су сору жұмыстары жүргізіліп, Қаратау қаласынан келген жөндеу тобы жолды қалпына келтірді. Бұл жалғыз жол «Қазфосфат» серіктестігіне қызмет көрсетеді. Қазір шойын жол бойындағы қозғалысқа шектеулі жылдамдық енгізілген.
Данияр Әлімқұл