Үлкен саясаттың сөзі мұнымен бітпейді. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты.
Саммиттің «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру» деген тақырыбы барлық елдің мүддесіне сай келетінін атап өтті. Әрине, біз үшін аса маңызды Транскаспий халықаралық көлік маршрутына тоқталды.
Аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі артты, жақсы, енді тасымалдың уақытын азайту үшін мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз, деді. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталған. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді, Яғни 3 миллион тоннаға жуықтады.
Қ.Тоқаев Түркі орталық банктерінің кеңесін құруды ұсынды. Тағы не көтерілді, немен аяқталды? Айтпақшы, Түркия президенті Реджеп Ердоған саммитке бармады. Неге? Елдос Есенболдың материалы.
Шуша – Әзербайжанның мәдени астанасы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы сапары Әзербайжан Президентінің Шуша ауданындағы арнаулы өкілдігінің ғимаратынан басталды. Мұнда Қазақстан Президентін Ильхам Әлиевтің өзі қарсы алды.
Бауырлас түркі елдерінің басын қосқан бейресми саммит тақырыбы «Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру». Әуелі Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы ретінде түркі ықпалдастығын тереңдетіп, оның қызметін одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұйымның халықаралық мәртебесін арттыруға күш саламыз. Бұлретте, «TURKTIME!» ұраны аясында ықпалдастықты кеңейтуді жалғастырамыз. Астанада қыркүйек айында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл – түркі мәдениетін кеңінен дәріптейтін маңызды іс-шара. Осы сәтті пайдаланып, бауырлас елдердің спортшыларын дүбірлі додаға қатысуға шақырамын.
Қазақстан шиеленіскен тараптарға арағайын болуға әзір екенін де жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз.
Мұнан соң жиынның негізігі тақырыбына ойысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий порттарының мүмкіндіктерін толық пайдалануды ұсынды. Қазақстан бауырлас елдердің тасымалдаушылары үшін Ақтау және Құрық портатының тарифтерін 15-20%-ке төмендетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде аталған бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «DigitalTradeCorridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз.
Мемлекет басшысы екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталғанын айтты. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайыз өсіп, 3 миллион тоннаға жуықтаған. Ал Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымал көлемін 300 мыңға ұлғайтуға әлеуетті. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді. Ал экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керек деген Қазақстан президенті мынадай ұсыныс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы ретте Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет. Мен, сондай-ақ, Жалпы түркі патент ұйымын құруды ұсынамын. Биыл Түркі инвестициялық қоры Басқарушылар кеңесінің ұлықтау рәсімі өтті. Оның қызметі экономика және қаржы-инвестиция саласын дамытуға оң әсер етеді деп сенемін.
Түркі мемлекеттерінің ынтымағы мен ықпалын арттыра түсуі тиіс тағы бір бағыт - коммуникация.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінде Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр Бұл жоба елдеріміз арасындағы байланыстың сапалы болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне жағдай жасайды. Жасанды интеллект және спутник жүйесі сияқты озық технологияның әлеуеті де зор.
Ал руханиятқа келсек, өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау мәселесі айрықша маңызды екенін атап өткен Қазақстан Президенті, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды.
Сонымен бірге климаттық өзгерістерді бақылаудың да мәні зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды. Біз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климат саммитін өткіземіз.
Қазақстан Президенті Каспий және Арал теңіздеріндегі экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе.
Мұндай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға және бауырластық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосады. Ал бейресми саммит қорытындысында Қарабақ декларациясы қабылданды. Әрі Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығын нығайту туралы шешімге келді.
Бұл жиынға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қатыспады. Оған себеп түрік басшысының Германияда өтіп жатқан Еуро 2024 додасына жанкүйер ретінде баруы. Себебі кешегі ширек финалда Түркия мен Нидерланды құрамалары ойнаған еді. Негізі бұл матчқа бару Ердоғанның жоспарында болмаған. Алайда Уефа түрік ойыншысы Мерих Демиралды екі ойынға шеттеткен соң түрік басшысы осылай шешіпті. Алдында Мерих Демираль Австрия қақпасына гол соққаннан кейін «көктүріктердің» белгісін қолымен көрсеткен. Ал бұл Еуропаның бірқатар мемлекетінде «ұлтшылдық» белгісі деп танылып, тыйым салынған. Айтпақшы, жартылай финалда Түркия ойнамайды.
Елдос Есенбол