Петропавлда 150 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда 150 отбасы баспаналы болды

05.07.2024

Петропавлда «Бірлік» шағын ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды. Бір айда 150 отбасы шаңыраққа ие болды. Қоныстой иелерінің қуанышына әріптесім Эльмира Кәленова ортақтасып қайтты.

Бүгін 51 отбасы осындай қуанышқа ие болды. Жаңа үйлер жарық әрі жайлы. 3 бөлмелі баспананың жалпы ауданы 80 шаршы метр.

Күлжауар Әмірова қоныстоймен құттықтай келген меймандарға үйінің әр бұрышын мақтанышпен көрсетіп жүр. Кейуана баспанасы суға кеткенде қатты уайымдағанын айтады. Енді қиын күндер артта қалып, жаңа үйде жаңа өмір басталарына сенімді.

Күлжауар Әмірова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Үй тамаша, үш ұйықтасам, ойымда жоқ. Қуанышым, мен айтамын, шексіз. Бәріне қайырлы болсын айтамын. Құдайға шүкір, мінеки бірлік болса, тірлі болады дейді. Бәрі көмек қылып жатыр, көптен ризамын.

51 үй «Қазақмыс корпорациясының» есебінен салынған. Аталған компания 180 баспананың құрылысын қаржыландырды.

Өңірде 4 мыңға жуық үйді су басып, оның жартысы жөндеуге жарамсыз, деп танылған. Баспанасыз қалған азаматтарға "Қызылжар асар" қоғамдық қоры арқылы 600-ден астам пәтер сатып алынды.

Эльмира Кәленова, тілші:

Бірлік шағын ауданында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Тағы 550 үй салынуда. Бұл баспаналардың ерекшелігі - қаңқасы небәрі 5-6 сағатта құрастырылады. Жаңа үйлер жылу беру маусымы басталғанға дейін халық игілігіне тапсырылмақ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу