Атыраулық археологтар көне кесенені тапты. Ғалымдар топырақ астынан шыққан нысанды бұған дейін еш зерттеулерде кездеспеген тың жәдігер деп отыр. Көне кесене алдағы уақытта толық зерттеуді қажет етеді. Себебі оның астында тарихи тұлғалар жерленуі әбден мүмкін дейді тарихшылар.
Күйдірліген кірпіштен берік, әрі сәнді қаланған кесененің тек күмбезі қираған. Қабірге кіріп-шығатын жабық дәліз сол қалпында сақталыпты. Есігі оңтүстік шығысқа қараған дәлізінің ұзындығы 170, биіктігі 60 сантиметр. Бұл дәліздің жартылай қазылған бөлігі, дейді археолог.
Амангелді Заинов – Археолог:
Жәдігердің толық сақталуына қарап, Сарайшық қаласындағы бұл типтегі кесенелер дромосының қандай үлгіде болғандығын көре аламыз. Алдын-ала болжам бойынша мұндай кесенелер 16-17 ғасырда тұрғызылған. Осындай үлгідегі кесенелерде белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленгені анық.
Археологтар қазба жұмысын үшке бөліп жүргізген. Көлемді қабірдің ұзындығы 6, биіктігі 1 метр, қалыңдығы 55 сантиметрді құрайды. Дәліздің оңтүстік бөлігінен шаруашылық бөлмесі анықталды. Ондағы қазба кезінде қыш құмыралар мен түрлі бұйымдар және орта ғасырлық сәндік жапсырмалар, мыс тиындар табылған. Бұл жұмыстарға жергілікті жоғары оқу орнының студенттері де атсалысты.
Сабина Қоқанбаева – Студент:
Біз практикалық жұмыс кезінде 3 сектор қаздық. Онда шаруашылық бөлмесі, кесене табылды. Мұншама жақсы заттар табамыз деп ойлаған жоқпыз. Әсіресе, мынандай ерекше кесене табамыз деп ойлаған жоқпыз. Жәй ғана осындай ыдыстарды тауып, қайтамыз деп ойладық.
Археологиялық нысан алдағы уақытта терең зерттеледі. Өйткені бұл жәдігер бұрын еш жерде кездеспеген. Музей-қорық өкілдері жұмыстарды кезең-кезеңімен жалғастырамыз деп отыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт