Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтар желісін құру қажет. Бүгін Астанада өткен ұйым саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай бастама көтерді. Әрі Беларусь мемлекеті ресми түрде саяси құрылымның мүшесі атанды. Сондай-ақ ұйымның бас хатшысы болып еліміздің бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Қытай өкілі атқарған еді. Бұдан бөлек, саммитте Астана декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Ол қандай құжаттар? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзге қандай бастамаларды көтерді. Досжан Маратұлының бейнематериалында.
Осы апта әлем назары Астанада. Ауқымды саяси шараларға байланысты мемлекет басшысының да жұмыс кестесі тығыз. Кеше Қытай төрағасымен кездесті, алыс-жақыннан келген делегаттарды күтті. Ал бүгін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті.
Жер жиһан көз тіккен шараға ұйымға мүше Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыстан, Иран, Қытай және Ресей президенттері мен Үндістанның Сыртқы істер, ал Пәкістанның премьер-министрі қатысты.
Биылғы саммиттің ерекшелігі сол, екі бөліктен тұрды. Түске дейін ұйымға мүше елдердің басшылары оңаша кеңесті. 24-ші отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев құрылымның беделі артып, аясы кеңейіп жатқанын жеткізді. Екі жыл бұрын ұйымға Беларусті қабылдау туралы бастама қолдау тапқан еді. Бүгін ресми түрде ұйымның мүшесі атанды. Сондықтан құрамында 9 ел болған бірлестік алдағы уақытта «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осыған байланысты Беларусь президент Александр Лукашенконы құттықтағым келеді. Сіздің мемлекетіңіз Шанхай ынтымақтастығы ұйымының толыққанды мүшесі атану үшін қысқа мерзімде барлық қажетті шараларды жүзеге асырды.
Биыл ұйымға Қазақстан төрағалық етті. Атқарылған іс көп. Соны қорытындылаған президенттің айтуынша еліміздің жетекшілігімен 150-ге жуық шара өтті. Түрлі саладағы форумдар мен кеңестер ұйым жұмысын ілгерлете түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық, экологияқ және энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы мен басқа да құжаттар. Ұйым серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды.
Қ.Тоқаев өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыруға шақырды
Бұдан соң мемлекет басшысы құрылымның жұмысын жандандыратын стратегиялық басым бағыттарды айқындап, өз бастамаларын ортаға салды. Айтуынша ұйым өзара ынтымақтастықты нығайтуы керек. Ол үшін әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді қабылдау қажет деді президент. Бұл құрылымның бүкіл Еуразия құрлығында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтуына мүмкіндік береді. Киберқауіпсіздікті арттырып, үш зұлымдық: экстремизм, терроризм және сепаратизммен күресті күшейту де кезек күттірмейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ұйым өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс.
Қ.Тоқаев: ШЫҰ аясында экономикалық жеңілдіктер базасын құру қажет
Тағы бір бағыт - экономика. Дүниежүзілік банктің болжамынша биыл жаһандық экономиканың өсімі бәсеңдейді. Ұйымға мүше елдер дағдарысқа бірлесе қарсы тұрып, өз-ара сауда-экономикалық байланыстарды арттыру керек деді мемлекет басшысы. Бұл ретте ұйымның әлеуеті зор. Әлем халқының жартысына жуығын қамтиды. Әрі жалпы ішкі өнімінің төрттен бірі, ал сауда көлемінің 15 пайызы осы құрылымға тиесілі. Тек қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Осы ретте ұйым аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстанның ұсынысы өзекті болып қала береді.
Президент порттар мен логистикалық орталықтар желісін құруды ұсынды
Президент тауарайналымын арттыру үшін стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтар желісін құру қажет деді. Әрі даму үшін өзгеріс керек. Сондықтан әлемдік аренада абыройы артып бара жатқан құрылымды реформалап, жаңғырту қажет. Оны ұйым хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуден бастауымыз керек деді президент. Айтпақшы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан осы Бас хатшы орнына бүгін еліміздің бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тағайындалды. Оған дейін бұл қызметті Қытай өкілі Чжан Мин атқарып келген еді. Ал кеңес отырысының соңында маңызды құжаттарға қол қойылды. Олардың арасында ұйымның 2035 жылға дейінгі стратегиясы, есірткіге қарсы бағдарлама мен экологиялық ынтымақтастық туралы келісімдер бар.
Досжан Маратұлы, тілші:
Саммит қорытындысы бойынша бас аяғы 20 шешім мен мемлекет басшыларының үш мәлімдемесі және Астана декларациясы қабылданды. Ал Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету тізгіні Қазақстаннан кейін Қытайға өтті. Сондықтан саяси бірлестікке мүше 10 елдің жалауы келер жылы Бейжіңде желбіремек.
Досжан Маратұлы