Президент бірлескен консорциум құруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бірлескен консорциум құруды ұсынды

29.09.2023

Қазақстанда бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Құны 46 триллион доллардан асады. Осы мақсатта консорциум құрылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысып, өзара ынтымақтастықтың перспективаларын түсіндірді. Геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жетті. Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде мыңнан астам неміс компаниясы жұмыс істейді. Қазақстан енді Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын. Президент жиында осыны айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Республикасының Президенті:

2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты - жаңартылатын энергия көздері. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижелерге жеткізетініне сенім білдірді. Әрі Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отырғанын айтты. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштастыратын сауда-логистикалық байланыстардың өңіраралық жүйесі құрылады. Бұл жұмыстарға Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін. ІТ технология саласында да байланысты бекітуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу